Өлеңдер ✍️

  18.09.2022
  466


Автор: Гүлайша Ерахмет

Сыңғырлайды əпекеңнің сырғасы...

Ұстаттың да он сегіздің саусағын,
Аудардың ғой əпекеңнің аңсарын.
Үндемесең болар еді ұят-ай,
Ғашықтықтың айтам енді қайсы əнін?!
Құрбым иə, боп қалмапсың құрдасым,
Мың жігітке татитындай бір басың.
Сырлы көзбен сынай қарап тұрдың сен,
Сыңғырлатып əпекеңнің сырғасын.
Өзің кіші, үлкен бірақ, жүрегің,
Сол жүректе құдірет бар білемін.
Төлегеннің інісі ме ең жоқ, əлде,
Он жылдан соң іздеп келген Жібегін.
Сен десең де, сіз десең де еркіңде,
Мəжнүн бола жаздап жүрдім дертіңде.
Қарға бала-ай, қайдан ғана кездестің,
Сағынышым жетер еді сенсіз де.
Ортасына келген кезім жиырманың,
Сені, қарғам, өзіме де қимадым.
Əпекеңмін, əпеке деп атай ғой,
Құрдас болсын жырларым мен жырларың.
...Сол көшеде сені қатты жылатқам,
Жастарыңды көріп тұрдым шын аққан.
Кешіре ғой, кейде қыздар осылай,
Адамына қатал келед ұнатқан.
Ар алдында болмайық деп ұятты,
Кешіре ғой, сөздер айттым тым ащы.


Құдай сүйер қылығы жоқ əпекең,
Құлай сүйер адамын да жылатты.
Өткенді де, кеткенді де жыр ғып көп,
Суретімді жүр ме екенсің сүйгіштеп.
Енді басқа қыз алдында жылама,
Бұл жылауың қалсын, қарғам, тұңғыш боп.
Қимай тұрмын Күйтіңнің гүл қаласын,
Мен кетемін, сен осында қаласың.
Əй, қайтейін, жігітсің ғой, жігітсің,
Əй, қайтейін, баласың ғой, баласың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу