Өлеңдер ✍️

  18.09.2022
  85


Автор: Гүлайша Ерахмет

Қоштасу

Ханнан артық деуші едім қара басың,
Осыменен үзілсін арада сыр.
...Бір аптаға жеткізбей, сенен де əйбат,
Жігіт тауып аламын қарада тұр.
Қарада тұр, сен де өртен қызғаныштан,
Болған солай болады қызға дұшпан.
Қолтықтасып өмірде бара жатқан,
Бақыларсың күзетіп бізді алыстан.


Жүрегімде түнетіп сол жігітті,
Ер таптым деп қуанам енді мықты.
Мынау аспан астында соған ғана,
Еркелеймін қыз болып ең қылықты.
Ол да сендей опасыз болмасын деп,
Қасыма ертіп жүремін жолдасым деп.
Сезімнен тон жабамын, бөрік сыйлап,
Асыл жаны аязда тоңбасын деп.
Ортақ бола алған соң азабыма,
Не деседе көнемін талабына.
Еппен сүртіп өйткені отырады ол,
Үйірілген жасымды жанарыма.
Одан артық таппақпын қандай жігіт,
Қасыма ертіп жүремін таудай қылып.
Екеуімізді баспадан қатар көріп,
Өткен күнді өтерсің арман қылып.
Тəңірінен сұрамай үш уақыт,
Сұрайды екен кісіден кісі бақыт.
Сол əдемі жігіттің аты - өлең,
Көп кешікпей қаларсың ұшырасып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу