Өлеңдер ✍️

  18.09.2022
  78


Автор: Гүлайша Ерахмет

Кешқұрым кездесем деп...

Кешқұрым кездесем деп қайдан да айттың,
Əншейін көкте мұндай айналмас күн.
Тағатымды тауысты-ай, қайдан батсын.
Ілулі тұрған анау киімдердің,
Бірін көзім жақтырмай, бірін көңіл,
Жиіледі айнаға үңілгенім.
Бұрымым да жүретін күнде түйіп,
Тұрғандай боп желкемде иретіліп,
Əбігерге түстім-ау үйде отырып.
Кездесем деп айтып кеште нағып,
Опамды да жүретін бетке жағып,
Мүмкін жиен сіңлім кеткен алып.
Саған деген құрмет, əдеп қой бұл,
Тамағымнан ас түгіл, дəн өтпей бір,
Əтірімді таба алмай əлек болдым.
Жанардағы жарығын бүркеп мұңның,
Көкейіме жасырын күлкі өпкіздім,
Сүрмемді де асығыс сүйкеп тындым.


Солғындау боп бояуы тырнақтың да,
Бір жақтым ба? Білмеймін, жүз жақтым ба?!
Кездеспесек болғандай қинап мұндай.
Біраздан соң қақпамды тұрдың ұрып,
Манағы барлық əлек болды да ұмыт,
Бара жаттым қасыңда сырлы күліп.
Бойында ұзақ отырдық Іле өзеннің,
«Өлең оқып берші!» деп түрегелдің.
Қыз көзін қызыл алдар қырсыққанда,
Қырсыққанда, көкейден жыр шыққан ба?
Шашылып қалған қағаз, қаламдарым,
Қарғыстап жатыр ма деп алаңдадым.
Сұлбасы еске оралмай бір өлеңнің,
Тырнағымды шұқылап күле бердім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу