Өлеңдер ✍️

  18.09.2022
  88


Автор: Гүлайша Ерахмет

Дәт

Асығым бірде алшы, бірде тəйкі,
Жолдарым бірде тегіс, бірде қайқы.
Жалғызбын деп жабыға берме жүрек,
Аспанда ай, көкжиекте күн де жалқы.


Жауым жоқ жағамнан кеп алатұғын,
Тауым көп тағзым етіп баратұғын.
Қалжырауға сен де енді айналдың ба?
Қадалғанда қағынған қарашығым.
Дарқандыққа етпекпін даламды айна,
Қарқылдап мазамды алды заман-қарға.
Қалың орман секілді қара шашым,
Сен де сиреп барасың амал барма?!
Сендер барда өнеді бағыма гүл,
Өзгерсеңдер өмірдің бəрі уайым.
Сап алтындай майысқан саусақтарым,
Шабандап барасыңдар нағылайын.
Тəңірімнен жүрсем де именген боп,
Өкінуді қазірше үйренгем жоқ.
Жастығым жалынайын, кетпе алыстап,
Мені атып алғанынша бір мерген кеп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу