Өлеңдер ✍️

  18.09.2022
  80


Автор: Гүлайша Ерахмет

Сағынып келдім

(Қазақстанға барғанда жазылған жыр)



Жұңгода туып өскемін,
Жұңғарды бетке-ап жеткемін.
Сағынып келдім қалың ел,
Бəрің де туыс, бауыр ең,
Шегара бөлді, шеттемін,
Айтатын назым көп менің.


Мені жатқа балама,
Қабағыңды түйіп қарама.
Шешілмей жүрген шерлі едім,
Ғашық болып келгемін.
Сендегі байтақ далаға,
Сендегі көркем қалаға.
Кірпіктеріме қонса мұң,
Уайым да емес онша бір.
Ділімді сақтап тік тұрдым,
Ұрпақтары едік үш жүздің,
Бір сызығы үшін ортаның,
Бөлінгеніңнен қорқамын.
Басына туған азат күн,
Мерейі үстем қазақтың.
Бабамнан қалған жосын бұл,
Жырдан аят оқимын,
Аруағына алаштың.
Тайын бір міндім талаптың.
Бауырыңа бассаң балаңмын,
Бəйгеңе салсаң шабармын.
Көгіңді шарлап құсың боп,
Кетігің болса бүтіндеп,
Кірпіші болам ғаламның.
Таңға бір соққан самалмын.
Ұлтыма тəн ұғым мың,
Қаныма бəрін сіңірдім.
Ана тілім мен анамды,
Салт-дəстүрім мен санамды,
Ұлы деп білген қызыңмын,
Құшағыңа енген қызырмын.


Таңжарықтан қалған мұраңмын,
Аппақтан қалған бір əнмін.
Тəй-тəйлатқан Тəңір тау,
Жүрегім бүтін, жаным сау,
Шыңыңа біткен шынармын,
Тауыңа қонған ұлармын.
Көңілім менің көк кесем,
Жауыздықпен беттесем.
Өз елім деп келгенде,
Жанымды етіп шерменде,
Өзегіме теппе сен.
Еш қиянат етпес ем.
Тақпа маған ешбір мін,
Аңқамды сен деп кептірдім.
Бата тілеп алаштан,
Құлының болсам адасқан,
Құдығыңа кеп тұрмын.
Жетегіне ермей ешкімнің.
Күбірлеп ылғи қыз ернім,
Құбылаға бет түзеймін.
Тарланың шыққан тағының,
Алланың берген бағының,
Түбін берсін деп тілеймін.
Тілеуіңді ылғи тілеймін.
Иман жүзді ұлы елім,
Тек береке тілерім.
Дəметпеймін ештеме,
Айға қолым жетседе.
Елім деп сені сүйейін,
Жерім деп біліп жүрейін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу