Өлеңдер ✍️

  18.09.2022
  67


Автор: Гүлайша Ерахмет

Аспанда ай күледі

Қолыңнан бар келетіні аңсату,
Сені жырлап алжып кетті қанша ақын.
Мың жүрекке сырлас болдың бір атпен,
Жап-жас қалпы тұрсың əлі, бірақ сен.
Сенің сəулең куəгер боп сезімге.
Қанша жастың басын қостың өмірде.
Дей алмаймын сені күлмей жыласын,
Қашан көрсем күлімсіреп тұрасың.
Қайсы бір жыл күлгеніңді көріп қап,
Күлді деп ем, ете көрші рұқсат.
Аспанда ай жылайды екен жылайды,
Қасқыр тартып кеткен кезде құланды.


Аспанда ай күрсінеді қамығып,
Жерде пенде басса аяғын жаңылыс.
Аспанда ай күледі екен жымиып,
Құшақтасып тұрған сəтте қыз-жігіт.
Аспанда ай қалады екен өкпелеп,
Келіншегін сабаса ері кеште кеп.
Аспандағы ай табиғаттың анасы,
Ал табиғат адамзаттың анасы,
Айға сонда боламыз ба немере,
Ай-əжеміз сияқты ма немене?!?
Əжеміздей болғандықтан жүрегі,
Сəулесіне орап бізі сүйеді.
Бақытты болса адамның біреуі,
Аспанда ай қуаныштан күледі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу