Өлеңдер ✍️

  18.09.2022
  145


Автор: Гүлайша Ерахмет

Тауға ертіп баршы

Тауға ертіп баршы, сағындым тау мен тасымды,
Тау бұлағына жуып, тарайын шашымды.
Нанды сағындым, шойын тапаға пісірген,
Самаурынменен құйған шəй балдай татиды.
Жеңгелерге еріп бұлаққа барып су алып,
Атын суарған əлдекімдерден ұялып.
Қозы сойылса келген қонаққа, ізет қып,
Отырған қандай оң жақта анау, шыны алып.
Күндіз де түнде жататын малы қамалмай,
Қабаған иті атыңнан жұлып алардай.
Бара алмай жүрмін, бауыры құтты мекенге,
Таба алмай жүрмін, отынға піскен тағамды-ай.
Инесін ұстап, иіре жүріп ұршығын,
Еңбекқор анаң, іргенің жамап жыртығын.
Немерелері керегелерге жармасып,
Отырса əкең, ұшынан күліп мұртының.
Ысқырып қана білдіретұғын көңілін,
Тауларда жүр ғой тəкаппар, таза көп ұлың.
Ысқыру қайда, ызыңдайды ылғи телефон,
Қалада мынау, қоңырау таққан қозымын.
Ертеде кеште ошақта оты маздаған,
Құз-қиясынан қыраны ұшып самғаған.
Қиқу да қиқу жылқының шапқан дүбірі,
Аласұратын, асаулары үркіп шалмадан.
Тастарында анау тау текелері «шақ» етіп,
Өреден құртты кезқұйрық іліп əкетіп.


Таңқурайына таласып, балдырғандарын
Мініп ойнайтын, балалар мəз боп ат етіп.
Баурайларында бүлдірген пісіп, уылжып,
Аршасыменен арта түскендей сұлулық.
Түрленіп беткей түскиіз болып жататын,
Сияқты еді самырсын біткен шымылдық.
Тамаша қандай тауларда өткен жазды күн,
Сағынып кеттім, нөсерлеп төккен жаңбырын.
Жамырай қашып, жанасып тұрған бұзаулар,
Сағындырады, желіде жатқан тай-құлын.
Тауға ертіп баршы, тау жақты жиі аңсаймын,
Саумал желімен сағынышым да тарқар бұл.
Сəлемдемеге сары май да алмай, құрт та алмай,
Қоржын-қоржын қуаныш алып қайтармын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу