Өлеңдер ✍️

  18.09.2022
  114


Автор: Гүлайша Ерахмет

Махаббат

Махаббат жоқ емес-ау, болған дейді махаббат,
Пендесіне Тəңірден келген бұл бір шапағат.
Осыны ойлап қойыңдар ей, қазақтың қыз-ұлы,
Махаббаттың ежелден қысқа болған ғұмыры.
Мұның нақты дəлелі Төлеген мен Қыз Жібек,
Қосыла алмай мерт болған бір жүрекке бір жүрек.
Махаббаттың жолында болыпты ұлы күрестер,
Талай-талай ақынның қаламынан жыр ескен.
Махаббат бар дейді екен болғанда да некелі,
Бірақ, тұрмыс сезімді жеп қояды деседі.
Ұлы, ұлы сезімді былай тұрсын жеп қою,
Сүйгендердің айрылып көзбен көрдік кеткенін.
Махаббаттың ғұмыры қысқа дейді содан ел,
Мұның жанды мысалы, бабаң алған көп əйел.
Махаббаттың ғұмырын ұзартудың бір жолы,
Мəңгі бақи құшаққа енбей кету сүйгені.
Сонда ғана ғашықтық деп аталған əңгіме,
Жалғасатын сияқты мына өмірде мəңгіге.
Сондай ұлы сезімді алмау үшін арзан ғып,
Өте орынды сияқты ғашық болып қалғандық.
... Мені құлай сүйетін ойланар ем сіз жайлы,
Махаббаттың ғұмыры қысқалығы қинайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу