Өлеңдер ✍️

  18.09.2022
  66


Автор: Гүлайша Ерахмет

Күйтің

Қалайша екен бұл жақтың маған түні жат,
Батпай қояды-ау, батпай қояды күні ұзақ.
Ауылымды ойлап арманға толы күн кешем,
Қиялдарыммен қыр-қияларға шығып ап.
Қалайша екен түсіме енеді далам көп,
Қаладан жүрмін қолға ұстағаным қалам боп.
Отырам үнсіз саусақтарымды ысқылап,
Ісмер қыздардың сіңлісі едім амал жоқ.
Атамзаманды аңсамайтұғын күнім жоқ,
Шаршатады өмір сүюлер бар да, күю жоқ.
Қыз Жібек болып қызық бір ойға батамын,
Төркін көңілге Төлеген мырза ұрын кеп.


Айран арманды əлдебір күдік ірітіп,
Көкірегімде көкжал үміттер ұлысып.
Кетемін бірде құралайы боп заманның,
Басымды мынау барыс ойларға мүжітіп.
Түңлігім бетөн, қабырға қалың, түн керең.
Сап-салқын сарай, əн естілмейді іргеден.
Қашып жүреміз қарағайы көп өңірде,
Сағыныш – Сəмен, Салиха қыз боп бірде мен.
Жеткен жер осы ерем деп жүріп жыр қызға,
Өзені де жоқ, жоқ тіпті тепсең, шың-құзда.
Иті абалаған ауылдың таңын сағынып,
Иті жоқ жерде итпектеп күндер сырғуда.
Тағдырдың қолы жібек сезімді түтуде.
Тірлік бастадым өңім бе, əлде түсім бе?
Керемет əнның кейіпкері боп қалатын,
Кербездіктерін жоғалтқан қыздар ішінде.
Айтатыным сол «ауылға барып келсем, е»,
Өкпелеймін де өгей жанарлы өлкеме.
Қиялмен теріп бүлдіргендерін қырқаның,
Кем сөзді болып отырам ылғи кеңседе.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу