Өлеңдер ✍️

  18.09.2022
  53


Автор: Гүлайша Ерахмет

Тоқыдым жырдан шəрпі

Ойымнан иə түсімнен шықпас адам,
Кестелеп бермеппін-ау шыт та саған.
Тоқыдым жырдан шəрпі жылырақ қып,
Əдейі ұсынбаққа қыста саған.
Күй кешіп жүрмін міне күйікке тең,
Жадырап қалар ма едім бір иіскесең.
Құйылған сағыныштың сары қымызы,
Қолымда жарқырайды үміт кесем.
Жаныма жырдан қанат байлап алып,
Жүргенде арманыммен айға барып.
Кеудемнен орын алып үлгеріпсің,
Сəл сезімшілдігімнен пайдаланып.
Оқ атпас мергенсің-ау осал аңға,
Бармайды, бармайды аузым қош-аманға...
Керемет қиялдарға кетіп жүрмін,
«Шəй құйып отырсам деп босағаңда» .
Өзің боп жеберім де, сенерім де,
Қайтадан алып келдің мені өмірге.
Сағындым жанды өртейтін сөздеріңді,
Сағындым саусағыңның бедерін де.
Тілім де жеткізе алмас тілегімді,
Жастанып ұйықтарма екем білегіңді.


Екеу болса қайтер ем, есім шықты-ау,
Басқара алмай жалғыз тал жүрегімді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу