Өлеңдер ✍️

  18.09.2022
  89


Автор: Гүлайша Ерахмет

Кірпіктерім дірілдеп

Өзі қысқа қыз ғұмырдың қысқа минуттарынан,
Өзі нəзік жүрегімнің қызыл күрең қанынан.
Уақыт ұтып, сия сұрап, өлең жазбақ боламын,
Асау-асау сезімдердің еппен сипап жалынан.
Өзі опасыз дүниенің жалғандығын кешіріп,
Өмір-айна қараймын да күлем сосын өтірік.
Өлең дейтін өзгеше бір сарай салып жатады,
Менің мынау денемдегі бар клетка қосылып.
Өзі бала көңілімді даналыққа сүйрелеп,
Сабырлыққа шақырам да мінезімді күйгелек.
Ақ парақтың бетіне кеп талқы жасап жатамыз,
Қалам, саусақ, ар-иманым барлығымыз үймелеп.
Өзі гүлдей тағдырымды қазан ұрмас күн бұрын,
Ең қымбатты минуттардың қаза қылмай ыңғылын...
Көкірегімде көмескі бір қайшылық боп жатады,
Сана, нəпсі, ұяттарым көзге шұқып бір-бірін.


Арман, қиял, үміттерім, мұратымның миын жеп,
Жақ-жақ болып төбелесіп, алды-алдына дүрілдеп.
Ақылым кеп мұның бəрін жөнге салып болғанша,
Мен қалжырап отырамын кірпіктерім дірілдеп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу