Өлеңдер ✍️

  18.09.2022
  86


Автор: Гүлайша Ерахмет

Қызылтас

Қызылтас, ыстық едің жастайымнан,
Жүк жинап ойнаушы едім тастарыңнан.
Бара алмай жүрсем кешір баурайыңа,
Басымды айналдырып басқа думан.
Көрініп кейде аласа, кейде биік,
Жатқан тас сен едің ғой дөңде күйіп.
Тапжылмай тұра алмадым сен сияқты,
Мені өмір жаратқан соң пенде қылып.


Жатырсың туған жердің желі аймалап,
Қасиет сіңген саған содан ғажап,
Қызарып сен жатырсың анау дөңде,
Қызарып мен отырмын төмен қарап.
Қызыл тас бар болғанмен талай жерде,
Əсерің, орның сенің алайда өзге.
Саған қарап күрсініп тұрар əкем,
Атын тұсай шыққанда анау белге.
Тұра бер мəңгі орыныңда дараланып,
Мен сені кете алмаймын қалаға алып.
Томпиып отырғаным еске түсіп,
Күрсінер анам саған қарап алып.
Қынаңнан сырмақ жасап, көйлек тігіп,
Жүн сабап ойнаушы едім, өрмек құрып.
Қызықпас болсам кешір қынаңа да,
Үстіме қызыл, жасыл көйлек киіп.
Көзіме көрінуші ең кереметтей,
Шықса атың тұра алмаймын елең етпей.
Сəбидің саусақтарын шынықтырған,
Ең ұлы үнсіз ұстаз сен емес пе ең?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу