Өлеңдер ✍️

  18.09.2022
  191


Автор: Гүлайша Ерахмет

Келіншек

– Тəте, тəте,
анау келіншек күлкіші,
Неткен сұлу түр-түсі.
Сонда анашым күлімсірей күрсініп,
– Дейтұғын ол шын бақыттың күлкісі.
– Тəте, тəте,
дүкенші келіншектің,
Жылағанын көріп алып селт еттім.
Сонда анамның сəл түйіліп қабағы,
– Жəбірі ғой дейтұғын ол еркектің.
– Тəте, тəте,
көрші келіншек қылықты,
Үй артында шылым шегіп тұрыпты.


Сонда анам бəсең үнмен тіл қатып,
– Басқаны ғой дейтін ішкі күйікті.
– Тəте, тəте,
доғдыр келіншек орамалын шешіпті,
Шалбар киіп, бұрымын да кесіпті.
Сонда анамның аппақ жүзы күреңітіп,
– Дейтұғын ол шайтанға еріп кетіпті.
Ол кез менің бала күнім, ақымақ,
Бантик байлап жүрген кезім басыма ақ.
Анама ылғи əңгіме ғып беруші ем,
Қыстақтағы бар келіншекті бақылап.
Бірақ, анам жек көрмейтін ешбірін,
Босанғанға барады айтып жасы ұзақ.
Келіншек қайдан пайда болды сонда деп,
Ойлаушы едім көрпе ішінде жатып-ап.
Бірі күлсе, бірі жылап, біреуі
Неге, неге шылым шегіп аһ ұрад.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу