Өлеңдер ✍️

  18.09.2022
  84


Автор: Гүлайша Ерахмет

Мырза мұң

Сағыныштар жүрегімді жұлып жеп,
Тағы да бір жыр бастадым күбірлеп.
Түнгі сағат болып қапты бір жарым,
Қонақ болып отыр маған мырза мұң.
Мұңның басын сылайын деп жырыммен,
Тағы ұйқымды ұрлатармын бүгін мен.
Опасыздық көрген кезде досымнан,
Сонау жылы, танысып ек тосыннан.
Кəлимаға келтіргелі тілімді,
Мені іздеп келуі оның бүгінгі.
Зорға-зорға тынышталған жүрекпен,
Ренжімес өткен күнді жыр етсем.
Бұрынғыдан байсалдырақ күйменен,
Оған оқып берейінші түрлі өлең.
Мұң деседе көз көрген ғой бұрынғы,
Келіп қапты жасайын бір сыйымды.
Шай берейін бусандырып самайын,
Жырларымнан жібек шарпы тағайын.
Мені енді іздеп келме десем ұят қой,
Мені күнде іздемейді бірақ та ол.
Ол да мендей іштен тынған шерлі ғой,
Мені өзін түсінер деп келді ғой.
... О, мырза мұң - қасіреттің баласы,
Өте-мөте қыздың жанын аяшы.
Енді менен басқа қызбен таныспа,
Жоламай-ақ қойшы мына халыққа.
Жырдан таққан жібек шарпың желбіреп,
Көкке ұшып кете ғойшы көлбіреп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу