Өлеңдер ✍️

  18.09.2022
  60


Автор: Гүлайша Ерахмет

Мінəжат

Тағы да бүгін жыладым,
Айықпай қойды-ау мына мұң.
Қай жақта жүрсің болыспай,
Қай жақта жүрсің, Құдайым.
Аспанда дейді біреулер,
Асқарда дейді біреулер.
Сиынсам саған сиынам,
Ешбір пендеге сүйенбей.
Ашық қыл менің жолымды,
Алдымнан шығар жоғымды.
Жылатқан мені пендеден,
Алып бер менің кегімді.
Көңілімді тынышты ет,
Жатырмын жалаға күйіп кеп.
Ел ішінде дес беріп,
Еңсемді біраз биіктет.
Сақтансаң сақтаймын деп едің,
Сақтанып сөйлеп келемін.
Таудай талап қылайын,
Бармақтай бақты бер өзің.
Халымды менің көрсеңші,
Көрсеңші көңіл бөлсеңші.
Өлеңді берген пендеңе,
Көгенді қоса берсеңші.


Жалғыздығымнан құтылдыр,
Тұрмыстың мəнін түсіндір.
Сыйлаған бақыт құсың да,
Басыма қонбай ұшып жүр.
Сөзімді сөйлер жоқ кісім,
Көрсетпе дұшпан тепкісін.
Егерде неке бұйырсаң,
Жолықтыр ердің естісін.
Жоқ күнімнен бар қылдың,
Бір түйір қан ем жан қылдың.
Аузыма өзің сөз салып,
Есінде елдің қалдырдың.
Алдыңа жүрмін кете алмай,
Арманға жүрмін жете алмай.
Өмір түгіл өзімнің,
Жұмбағымды да шеше алмай.
Ырыздық бердің даладан,
Ырыздық бердің қаладан.
Қай тұста жүрсің болыспай,
Қайдасың менің Тағалам.
Өмірден де қорқамын,
Өлуден де қорқамын.
Аһ ұрып жылап құлың тұр,
Арасында екі ортаның.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу