Өлеңдер ✍️

  18.09.2022
  86


Автор: Гүлайша Ерахмет

Қыз үміті

Өмір, өмір жасатқан қызға есебін,
Елесіңді құштырып күнде сенің.
Бала күнде анама еріп барып,
Қонақ болдым үйіңде бірнеше күн.


Мерекесі сол күні аналардың,
Өмір өзі мейрам ғой балаға əр күн.
Сыртқа шықсам итіңді қорып жүрдің,
Қорымасаң сол итке таланармын.
Үйге кірем жүре алмай далада көп,
Ит арсылдап жатқан соң қарала боп.
Адамдықты үйренген сəбиінен,
Ой орнады сен жайлы санама кеп.
Ұяң бала менің де ұяң жаным,
Сүйкімді еді сондағы ұялғаның.
Ұялумен сен үйге кірмей қойдың,
Иттен қорқып сыртқа көп шыға алмадым.
Көз алдымнан кетпейді бұл іс əлі,
Əп-əдемі бала едің түрі-сəні.
Күлімсіреп итіңді тұрдың қорып,
Біз кететін үйіңнен күні тағы.
Жанарыңда мөлдіреп арман арай,
Қалып едің жаудырап қарға бала-ай.
Екі ананың достығын үн-түнсіз-ақ,
Жалғап кете бердік біз алға қарай.
Қызық сезіп көзіңнің көп қарауын,
Алғаш түсті сол күні өртке жаным.
Аналардың мерекесі келген сайын,
Бала күнгі бейнеңді еске аламын.
Өз құрбысы ішінен биіктеген,
Сені əлі де мейірімді жігіт көрем.
Қарала итше жолыққан пəлелерден,
Өзің қорғап жүрер деп үміттенем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу