Өлеңдер ✍️

  18.09.2022
  95


Автор: Гүлайша Ерахмет

Жырым қалар

Алғыс айтқым келеді өмірге бұл,
Сөзім жақсы, болғанмен көзімде мұң.
Он төртімде өлеңге əскер болып,
Майдан көрдім сан мəрте, шегінбедім.
Шынықтырып жүйкені, клеткамды,
Сия қылып жыр жаздым жүрек-қанды.
Соқпақтарда сүріне жаздаған ем,
Иман мен ар сүрінтпей сүйеп қалды.
Жаратқанға өскемін тəубе қылып,
Тəтті болады екен таудағы үміт.
Сүйреп келем сүйкімді арманымды,
Ақ таңдарым атар деп алда күліп.
Əдепті өскен қызымын орта жүздің,
Көңілі ауғыш сондықтан шортан ұлдың.
Қалтамда он тиыным болмаса да,
Он жігіт сүйемін деп сөз салып жүр.
Қыздар мені түсінгіш, ұл жаратып,
Қыстақта өскен қыз үшін бұл да бақыт.
Адамдардың ашқарақ жүрегіне,
Өтсем деймін өмірден жыр жалатып.


Мені əскер ғып алғалы жыр мектебі,
Жүр əдемі бір арман билеп мені.
Күпі киген қазақи қара өлеңге,
Кигізгім кеп туфли биік өкшелі.
Ұлым болар менің де, қызым болар,
Өз бақытын іздейді түбінде олар.
Көкжиектен жұлдызым құлағанда,
Менің исім аңқыған жырым қалар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу