Өлеңдер ✍️

  18.09.2022
  104


Автор: Гүлайша Ерахмет

Қазағыма тілек

Баптайын десең қыраның болайын,
Айтайын десең жыр-əнің болайын.
Шырағың болайын, шуағың болайын,
Төсіңнен аққан бұлағың болайын.
Бəйгеге салсаң тұлпарың болайын,
Биікке ұшқан сұңқарың болайын.
Қиқарың болайын, сұлтаның болайын,
Ұяты мол ұрпағың болайын.


Дарқан да дарқан далаң болайын,
Гүліңе құмар араң болайын,
Сау болайын, сараң болайын,
Тек сенің ғана балаң болайын.
Баурайыңда аққан өзен болайын,
Өмірде қалар өлең болайын.
Төмен болайын, төрең болайын,
Өзіңде туған өрен болайын.
Жайқала өскен майсаң болайын,
Əлемді көтерген арқаң болайын.
Алшаң болайын, жайсаң болайын,
Құшағыңда өскен қалқаң болайын.
Құлпырып тұрған құндызың болайын,
Қырыңда өскен қырмызың болайын.
Айың болайын, жұлдызың болайын,
Жүрегі отты бір қызың болайын.
Жанары жəудір елігің болайын,
Сен туған ердің серігі болайын.
Сенімің болайын, керімің болайын,
Айналып келіп келінің болайын.
Атадан қалған асылың болайын,
Көліңде ұшқан лашының болайын.
Пақырың болайын, батырың болайын,
Арманы асқақ ақының болайын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу