Өлеңдер ✍️

  18.09.2022
  78


Автор: Гүлайша Ерахмет

Бақыт сыйлағың келсе

Жеткізбей-ақ қой жер бетіндегі қымбатым,
Алдыма келсең айни саларым мұнда тұр.
Сондықтан, жаным, жеткізбей маған биік ұш,
Басылмай өтсін өзіңе деген сүйініс.
Маздатқың келсе жүректе жанған отымды,
Өтінем сенен, бүркей көрме əсте бетіңді.
Аясаң мені, сағынышым боп бебеулет,
Бебеулеген соң төгіліп жатам өлең боп.
Өлеңімді оқып жіби қалсаң да, аяма,
Тартып қой солай үнсіз бір перде араға.
Кездесіп қалсаң сауық кештерде мүбада,
Қарасаң болды, халымды əсте сұрама?!
Сөзіңнің бəрін көзіңмен жеткіз амал бар,
Достасып алып қоштасып жатыр адамдар.
Достасқым да жоқ, қоштасқым да жоқ сенімен,


Менде адаммын ғой жетіп алған соң жерінем.
Махаббатың да табысқаннан соң түк те емес,
Ғашықтығыңды сақтау үшін де күш керек.
Өзіңді сақтап қалуың үшін өкпелет,
Өзімді сақтап қалуым үшін от керек.
Ол отты сенің алыстағаның жағады,
Аралық қана əдемі етер араны.
Шынында маған бақыт сыйлағың келсе егер,
Отағасы емес, отым бола біл өртенер.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу