Өлеңдер ✍️

  18.09.2022
  95


Автор: Гүлайша Ерахмет

Қар қызы

Қапалақтап жауып жатыр қар аппақ,
Мен отырмын қатирамды парақтап.
Қара жерге жазып жатыр қар жырын,
Табыс етіп жүрегі мен тағдырын.
Ала жаздай жүрген еді ұят деп,
Құшты ақыры қара жерді құлап кеп.
Қар қызының нəзік жыры еді бұл,
Қара жерге білдіруі көңілін.
Құлағына жете бере сөз басы,
Ағып жатты қара жердің көз жасы.
Жырды естіп жылап кетті еңіреп,
Оған еріп жылады бар төңірек.
Жапырақтың жанарлары мөлтілдеп,
Дəу ағаштың иықтары селкілдеп.
Тас екеш тастар да естіп, бусанып,
Жанарлардан тамшылары тұр тамып.
Қунанғаннан құшағына ап қар қызын,
Сүйіп жатты оның жазған əр жырын.
Рухына тəнті болып жігерлі,
Бу етті де көкке ұшырып жіберді!
Қардың жырын тыңдайды екен жер жылап,
Тыңдап алып мазақтарсың сен, бірақ.
Əлдекімге айтарсың-ау мақтанып,
Айыпты ғып, əлдеқандай ат тағып.
Қарсы алмассың қара жердей қайысып,
Біліп алып қашқақтарсың, қарысып.
Көкке ұшырып жібермессің бу қылып,
Мен ойымды білдіргенде жыр қылып.
Қар қызы емес, қазақ қызы екенмін,
Көңілімді білдіре алмай өтермін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу