Өлеңдер ✍️

  18.09.2022
  119


Автор: Гүлайша Ерахмет

Гүлмен сырласу

Сен деген далада өскен қырдың гүлі,
Мен деген тауда туған қырдың қызы.
Маған ана мейірі түсіп өстім,
Саған көктен төгілсе күннің нұры.
Жайқаласың далада сен де мезет,
Қыз боп ғұмыр сүрермін мен де мезет.
Күнге қарап күрсініп көрген жоқсың,
Мен де елжіреп көргем жоқ пендеге көп.
Саған біреу қызықса сені үзеді,
Маған біреу қызықса мені үзеді.
Үзіледі бір күні сабағымыз,
Өзгермейді бірақ та өмір өңі.
Сен разы етерсің бір көңілді,
Мен разы етермін сүйгенімді.
Сен де, мен де тəкаппар ғұмыр сүрдік,
Намыс көріп батпаққа иленуді.
Сен де гүлсің сол күнге жеткеніңше,
Мен де қызбын ерге еріп кеткенімше.
Мен қорқамын əлде бір жанарлардан,
Сен қорқасың қорадан ешкі өрілсе.
Қорқыныш пен күн кешіп алаңдаумен,
Саған дəурен аз сынды, маған дəурен.
Тағдырымыз ұп-ұқсас екеуіміздің,
Мен қыз болып, сен гүл боп жаралғанмен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу