Өлеңдер ✍️

  18.09.2022
  62


Автор: Гүлайша Ерахмет

Ауылыма сен келдің наурызда

Жиырма қысын өткізіп, жиырма жазын,
Жиырма көктем ұзатты тырна-қазын.
Жиырма жылдың ең соңғы минутында,
Саған арнап тағы да жыр жазамын.
Қыр астында қалғасын қыршын қызық,
Біржолата кетіп ем үмітімді үзіп.


Ауылыма сен келдің наурызда,
Көңілімнің тып-тыныш шырқын бұзып.
Мазаланам, біресе қуанамын,
Қайтсем тыныш орнымда тұра аламын.
Бала көңіл тұрғанын байыз таппай,
Көже ішкен сезбейді мына қауым.
Аппақ тұнға оранған мына ғалам,
Сыншыл көзбен қарайды сірə маған.
Тілеу тілеп жатқан ел тірлігіне,
Сені де құр қойған жоқ сыбағадан.
Шаттық лебі ұялап қабағыма,
Көңілімнің күн түсіп алабына.
Дір-дір еткен қолыммен көже ұсынып,
Жаутаң-жаутаң қарадым жанарыңа.
Зар боламыз сезімге жас күнгі əлі,
Таңдайыңнан кетпесін астың дəмі.
Қош деуге де үлгірмей кете бердің,
Жирен атың ойнақтап астыңдағы.
Қайта-қайта бұрылып көп қарадың,
Қайтем мен де бір түрлі боп барамын.
Үлкендерден ұялып тұрдың білем,
Бара жаттың таусылып жоққа амалың.
Жиып əрең жүргенде есімді енді,
Несін келді деймін-ау, несін келді.
Аласұрған астыңда жирен атың,
Аласұрған жүрегім секілденді.


Гүлі семіп манағы қуаныштың,
Болғаны боп қалғаны-ай сірə түсім.
Саған деген сақтаулы сыбағамды,
Ел көзінен жасырып жылап іштім.
Тағы қағып кеудемде қанатын мұң,
Қамалынан аса алмай қара түннің.
Өзің жайлы ойлармен арпалысып,
Мен сол күні əреңге таң атырдым.
Терген күнді еске алып бірге гүлді,
Қайдан білсін мына жұрт жүргенімді.
Сен аттанған түбінен мама ағаштың,
Тұра сала іздедім іздеріңді.
Ешкім сезе қоймасын бұл қылықты,
Салды жүрек сені іздеп қиғылықты.
Таңғы жауған наурыздың ақша қары,
Жасырып та ізіңді үлгеріпті.
Таң бозынан мен тұрмын мұңға оранып,
Еске түсіп езілтіп тұр балалық.
Өзің кеше шақырған ауылыңа,
Кетіп жатты үлкендер мұнда барлық.
Барғым келіп тұрғаны-ай тайпалтып бір,
Торжорғасын көршінің сұрап алып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу