Өлеңдер ✍️

  18.09.2022
  80


Автор: Нұрбек Нұржанұлы

Күз бен өмір

Бір соғылмай тұра алған бұл бас қашан?
Жарқ етсін от, жүрегіңе тас қаша!
Ертеректе мен сезінген, мен көрген,
Мынау өмір басқаша еді, басқаша!
Түссе ымырт Ай сәулесін сауады,
Бұлт шаһарға аңсарым да ауады.
Күз оралды бұлыттағы қайыңға,
Көк аспаннан жапырақтар жауады.
Төсімдегі қара аспан ашылды,
Аспан ана тойдырды кеп аш ұлды.
Бұлт мойнынан алқалары үзіліп,
Көк аспаннан күміс моншақ шашылды.
Құлақ түрші күз зарына, тек үнге,
Саумал самал әтірінен себін де.
Жамылады күзгі шаһар тұманды,
Тар көшелер киінеді кебінге.
Тоқтатпашы, мұңның күйін шертем мен,
Жоқтаймын кеп сезімдерді ерте өлген.
Адамдардың жүректері сұп-суық,
Ақ қайыңның жапырағы өртенген.
Кім түсінсін жүзі сынық бұл айды,
Қара аспанның терезесі жылайды.
Мен секілді күз тағдырға шыдамай,
Жапырақтар жығылады, құлайды.
Құлпын бұзып шыққан екен сөз неше?
Бүгініме қарап тұрды көз кеше.
Қазір ғана мен сезінген, мен көрген,
Мынау өмір енді мүлдем өзгеше!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу