Өлеңдер ✍️

  18.09.2022
  82


Автор: Нұрбек Нұржанұлы

Өзіңді жоғалтпа

Таңдай алмай келем әлі бір жолды,
Тамыр-тармақ таңдар жолдар сыр болды.
Бала шақта сыртқы бетім кір болса,
Өскен шақта ішкі бетім кір болды.
Жарық іздеп жүрсең шығар Күн алдан,
Тау үстінен жарқырауға құмар таң.
Бала шақтың түйіскені бұл шақпен,
Әлі күнге биіктікке құмартам.
Ерте жүрем бала шақты қасыма,
Жастанамын қиял ойды басыма.
Бала кезде жер тасына құласам,
Құлап жүрмін қазір тағдыр тасына.
Адалдықты іздеп шықтым бөктерге,
Таппай, іздеп ерік бердім көп терге.
Жасыл қырда бар надандық, адалдық,
Тікендер бар араласқан шөптерге.
Шуақ шашар өміріңе құрақ таң,
Төбемізден табылмастай сыр асқан.
Мың әлемді мекендеген, мың жерді,
Мың жұлдыздың жанатыны бір аспан.
Қара шашты қара мұңмен ағартпа,
Алда үміт, алда арман, жоқ артта.
Өмір сені жоғалтады бір күні,
Сен өзіңді, тек өзіңді жоғалтпа.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу