Өлеңдер ✍️

  18.09.2022
  97


Автор: Нұрбек Нұржанұлы

Туған жермен тілдесу

Қаға, қаға қанатымен шарықтайды,
Кеңдігінен кеңістіктің жалықпайды.
Қарғаның да, қыранның да аспаны бір,
Бірі төмен, бірі биік қалықтайды.
Бөтенсіген қарғалардың қарқылынан,
Аттап өттім әр кездескен ар қылынан.
Жалғыз емес екенімді сезінемін,
Аспандағы жұлдыздардың жарқылынан.
Балалағым қалған үйдің бүтіні ме?
Далам барда мекен етер жұт ініне.
Шу қаланың газдарына тұншығып-ап,
Демаламын ауылымның түтініне.
Сәуле болып сан жүректі аралағын,
Әлі-ақ мен нұрың болып тараламын.
О, туған жер, топырағыңнан жаралғанмын,
Топырақ боп топырағыңа ораламын.
Балалығым бал теңіз ғой қусам кешпек,
Әкем қайда, таң жұпарын туған иіскеп?!
Ешбір адам бөтен емес далам саған,
Әкем жатыр құшағыңда жусан иіскеп.
Шашырата бастап еді нұр шұғыла,
Күннен қашты бұл өлкеге түн тығыла.
Бұл өмірге жүгіремін қойыныңда,
Әр тасыңа мың сүрініп, мың жығыла!
Сен аман бол, мекеніңде, елім, елім!
Мезі мұңға езілемін, егілемін.
О, туған жер, мен де әкемдей әз төсіңде,
Бұл торқалы топырағыңа көмілемін...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу