Өлеңдер ✍️

  18.09.2022
  108


Автор: Нұрбек Нұржанұлы

Жырланған ғалам

Өшпейтінді қалайша өшіремін,
Ілеседі бұлттардың көшіне мұң.
Жаратқанның жаратқан туындысын,
Көшіремін өлең ғып, көшіремін.
Жер жаһанды таң нұры жадыратты,
Көшіремін тарих бар топырақты.
Күзге айтып өкпесін сыбырлаған,
Көшіремін жылаған жапырақты.
Жүре аламын ауыртпай жанды несін,
Шам келеді, бола алмас мәңгі бесін.
Жүрегімнің ғаламға сырын ашқан,
Көшіремін жұлдыздар әңгімесін.
Өлеңменен сурет қып салсам бәрін,
Бұл жанардың қарашы тамсанғанын.
Көктем іздеп самғайтын жылы жаққа,
Көшіремін құстардың аңсауларын.
Мекен етпей жердегі жаһан шарын,
Мен білемін аспанда шаһар барын.
Жай оттары жарқ еткен жанарында
Көшіремін бұлттардың қаһар, зарын.
Сең соққандай өтеді бұлай да күн,
Сезінеді жалғызды жылай жаным.
Терезесін сипалап қара түннің,
Көшіремін ақ Айдың мұңайғанын.
Табиғаттың тәні жоқ, жаны мүсін,
Күресемін мен де әр таңым үшін.
Әлдеқайда қараған аппақ жаны,
Көшіремін қайыңның сағынышын.


Екі жаққа жолдарды пойыз қия,
Көшеде де, жүректе аяз, ия!
Жерге төккен аспанның шумақтарын,
Көшіремін жаңбырдан поэзия.
Нұр жайлы сыр төгіп күн шапағынан,
Құс айтады көктердің хабарынан.
Том-том кітап жазып-ап сезімінен,
Көшірер ем сол қыздың жанарынан.
Ана үні жалықпас сазым менің,
Бақытың ғой, апажан, тәжім менің.
Эх, уақыттың қатесіз жазуынан,
Көшіремін маңдайдың әжімдерін.
Мен бір жаққа асығып кешігемін,
Ақынмын ба, білмеймін, кешір, елім?!
Кітап болған ғаламнан дәптеріме...
Өлең болған өмірді көшіремін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу