Өлеңдер ✍️

  18.09.2022
  133


Автор: Нұрбек Нұржанұлы

Шешті бір аспан қара жейдесін таң ата...

Шешті бір аспан қара жейдесін таң ата,
Қып-қызыл нұрға қап-қара тәнін талата.
Ұйқысыз тағы қарсы алдым нұрды, таң атты,
Тіліне Күннің маңдайын аспан жалата.
Қарадым Айға, қарадым саған, егіздер,
Жанарың көрсе жанарымды жас теңіз дер.
Күміс мұңдары шашырап Айдың шашынан,
Алтын шашыңнан сипалап түннен ем іздер.
Қараймын күзге, қараймын саған, ұқсайсың,
Құстарға еріп көктемге неге ұшпайсың?
Төгілген Айдың аппақ жібегін, матасын,
Мұңым деп жамыл, сағынышым деп құшқайсың.
Моншағы көздің келеді түнге сіңгісі,
Қай жерде жүрсің, қоңыр қыз, күздің сіңлісі.
Жаныңнан үзген жапырақ хатың қолымда,
Сарғайып жазған әрбір қаріптің мұңлы іші.
Қоғамнан неге, адамнан неге ығыстық?
Түсінбей нені, тағы да нені ұғыстық?
Нұрыңдай сенің сәулесі Айдың сұп-суық,
Нұрыңдай сенің сәулесі Күннің ып-ыстық.
Батыста мұңға бұлыттың жаны өртеніп,
Тарқатып шерді, жүректің қылын шертелік.
Жұлдызы түннің, көктемнің құсы, жүріңдер!
Қоңыр қызымды, қоңыр күзімді ертелік.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу