Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  210


Автор: Ақылбек Манабаев

АЙТЫЛҒАН СЫР ЕДІ

Есіңде ме ол кезде бүкіл ауыл, беу, сені
Тәмпіш танау, сүйкімді тана көз қыз деуші еді.
Шілдедегі аптапта алма бетің албырап,
Ойнайтынсың алаңсыз қос тұлымың жалбырап.
Таң сәріде құрбыңды ертіп алып қасыңа,
Су алуға барушы ең айнабұлақ басына.
Ақ қалайы шелегің алтын нұрға м алынып,
Шалынатын көзіме анадайдан шаң ұрып.
Аңдып тұрып сыртыңнан мен де қуып жетуші ем,
Көк бестіні көсілтіп көлденеңдеп өтуші ем.
Сен қарасаң сол сәтте жанарыңа жаз қонып,
Көңіл шіркін таситын шын масайрап мәз болып.
Сәнді сәуір туғанда бәйшешегін бүркеніп,
Қырқаларды кезуші ең қызыл ала гүл теріп.
Әкелуге апама отын жинап орманнан,
Мен де, әйтеуір, қара үзіп кеттпейтінмін сол маңнан.
Назарыңа ілігіп қалу үшін қалайда,
Жұмсалатын бір басым білер сылтау, бар айла.
Жетелейтін жанымды саған жұмбақ бір ұшқын,
Аяладым мен оны, өшірмеуге тырыстым.
Қараса анау көрші үйдің тентек ұлы сызданып,
Өн бойымды өтетін ызғар осып, мұз қарып.
Жазықты ғып жәбірлеп жатса біреу өзіңді,
Сені қостап, тек сенің жақтайтынмын сөзіңді.
«Өшігіскен» құрдасым «өсек» терсе сен жайлы,
Жабырқатып жанымды болатұғын сол қайғы.
Ұрысқанын шешеңнің шалса егер құлағым,
Мен де саған қосылып көзді жасқа бұладым.
Естігенде шаттана шыққан күміс күлкіңді,
Қуанғаннан жарқылдап жанарыма нұр тұнды.
«Жауларыңа» түнеріп қара бұлттай жауатын,
Сен сыйлайтын адамға ықыласым ауатын.
Сөйтіп жүріп өмірдің ауысты күз, көктемі,
Атандық біз ауылдың бозбала, бойжеткені.
Уақыт-өзен асығып алға ақты жұлқынып,
Бой түзедің күн сайын қызғалдақтай құлпырып.
Тілдесуге асықты іңкәр жүрек бұлқынып,
Іздеп бардым сырымды ашпақ болып ынтығып.
Қара мақпал сол кешке, оңашада кездестік,
Селт еттің сен «ғашықпын, сүйем» деген сөзді естіп.
Нәзік денең дірілдеп айтқызбадың ар жағын,
Құшағыма түстің кеп биіктегі арманым.
Ертеңінде балалық шақтан бергі жақтасың,
Күйеу болып үйіңе тіреді әкеп ат басын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу