Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  93


Автор: Ақылбек Манабаев

АДАМ МЕН ТЕҢІЗ

I
Сонау ерте заманда
Дүлей теңіз тулаған.
Түк татырмай адамға
Айбат шегіп шулаған.
Балық аулай келгенді
Тулап толқын жалмапты.
Бұл сұмдықты көргендер
Айдынға қайық салмапты.
Тұрады екен сол маңда,
Адам атты бір жігіт.
Ол жайлы сөз болғанда
Мақтайтын жұрт жыр қылып.
Қайғырса біреу
Үнемі,
Арнайтын ақ пейілін.
Жан еді ізгі жүрегі
Жанары тұнған мейірім.
Жауырыны қақпақтай,
Бура сан, барыс пішінді.
Бұлшық еті тоқпақтай
Тұлғалы, ер мүсінді.
Мекендеген жағаны
Кілең кедей, жарлылар.
Таусылыпты тағамы
Бойға қуат, әл қылар.
Жайлаған аштық ел ішін
Қинады қатты жігітті.
Берер деп бізге қол ұшын
Артыпты халқы үмітті.
Бұл жайды адам түсініп,
Ойын іштей қорытты.
Теңізге қайық түсіріп
Сапар шекпек болыпты.
― Қарсы тұрып дауылға,
Серпем мынау түнекті!―
Деп серт берсе ол...
Қауым да
Сәтті қадам тілепті.
II
Жимады теңіз айылын,
Тастарды толқын ұшырды.
Келді де Адам қайығын
Долы теңізге түсірді.
Теңізге ыстық сезіммен,
Сүйсіне тұрып қарайды.
Бетіне судың себілген
Жұлдыздарды ол санайды.
Ескегін есіп құлаштап,
Жүзінде алау лаулайды.
Тұлғасы оның бір асқақ
Тәкаппар таудан аумайды.
Балуан қолда кендір ау,
Тереңге жігіт лақтырды.
Ашулы, жойқын омырау
Толқынға өзін қаптырды.
Теңіз айтты: ― Әрі жүр,
Байлығымды бермеймін!
Адам айтты: ― Бәрібір,
Тартып алам, көнбеймін.
Теңіз айтты: ― Тәніңді,
Толқыныма жерлеймін.
Адам айтты: ― Арым мен
Намысымды бермеймін.
Ерегеспен басталды
Екі алыптың майданы.
Бұлттар торлап аспанды
Қазандай бұрқ-сарқ қайнады.
Найзағай көкте жарқылдап,
Бар дауыспен күлгендей.
Бұлт ішінде жалтылдап
Алтын жылан жүргендей.
Қайтарам, деп жігітті,
Өр теңіз дауыл шақырды.
Түткендей аппақ түбітті
Тынымсыз суын сапырды.
Қолынан келер қастықтың
Істеді теңіз барлығын.
Жеңе алмады жастықтың
Бұрқыраған жалынын.
Жігіт өжет қимылдап,
Аулай берді балықты.
Дүлейге қайсар адамзат
Мықтылығын танытты.
Қайтты шалқып әндетіп,
Қайыққа балық тиеді
Тентек теңізден әл кетіп
Адамға басын иеді...
Содан былай адамға,
Бағынышты болған ол.
Айдынға шықса әман да
Сыйлайды екен олжа мол.
***
Ноқталап асау теңізді,
Қатерге тосқан жүрегін,
Сол адамға ең ізгі
Арнаған халқы тілегін.
Есімі оның жаңғырып,
Ілесіп тарих көшімен,
Келеді шықпай мәңгілік
Ұрпақтарының есінен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу