Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  87


Автор: Ақылбек Манабаев

ТАУТЕСКЕН

Ерте, ерте, ерте екен,
Ешкі жүні бөрте екен.
Біздің мынау сахара,
Таңғажайып өлке екен.
Беріп әсем өң жерге,
Орман өсіп шөлдерге
Көздей тұнып мөлдіреп,
Тұрады екен көлдер де.
Гүлі жұпар аңқыған,
Қазынасы шалқыған,
Құтты қырда тамылжып,
Тұрыпты ән қалқыған.
Құс үзілмей көгінен,
Құлан жортып белінен,
Асады екен киіктер,
Ойнақ салып өрінен.
Тамашаны қараңдар,
Мекен еткен адамдар
Адал екен шетінен,
Болмапты ез, надандар.
Апта, айлар өтіпті,
Жылдар жылжып кетіпті,
Қамсыз елге кенеттен
Тосын зауал жетіпті,
Қара дауыл соғыпты,
Шын керемет болыпты.
Айдын көлдер суалып,
Арнаға құм толыпты.
Гүлдер семіп, қурапты,
Құс ұша алмай шулапты.
Егістікті шөл жайлап,
Жемісті де улапты.
Күннің нұры сөніпті,
Аңдар аштан өліпті.
Ауыр жұттың қатері
Адамзатқа төніпті.
─ Берекені, бірлікті,
Тату-тәтті тірлікті,
Жоқ па, апыр-ау, өмірде
Сақтап қалар бір мықты?
Жүрек жұтқан батылдар,
Құрыш білек батырлар,
Бұлбұл үнді әншілер,
Күміс көмей ақындар,
Тағы кімдер десеңдер
Сөз зергері шешендер,
Шаршы топты басқарып,
Билік айтар көсемдер.
Ойдан-қырдан шапқылап,
Жиналысты бас құрап.
Ақылдасып өзара,
Кеңесіпті жақсылап.
Күңіреніп үрейлі ел,
Күмілжісе біреулер.
Белсеніпті бел шешіп,
Дойыр мінез дүлейлер.
─ Қалған жоқ қой күн құлап,
Орнатамыз гүлді бақ,─
Депті олар долдана,
Кеуделерін ұрғылап.
─ Ойланыңдар!
Ол үшін,
Керек су мен өрісің,─
Деп оларға үлкендер,
Бермепті жол,
келісім.
Өсіруге бау-бақша,
Кету керек аулаққа,─
Деп серттесіп,
қонысты
Аударыпты тау жаққа.
Ұзақ-ұзақ жол жүріп,
Аз емес-ау мол жүріп,
Бауырына бір таудың
Жетіпті әзер болдырып.
Қаңсыған шөл мұнда да,
Айнала тек құм ғана.
Құм құйылып арнаға
Кеуіп қалған жылға да.
Арылмаған мұз-қары,
Сұсты екен құздары.
Жолатпапты маңына
Ешкімді аяз, ызғары.
Ажалдан да бұқпайтын,
Апаттан да ықпайтын
Мерт болыпты көп өрен,
Таудың сырын ұқпайтын.
Ақ садағын асынған,
Жасқанбайтын жасыннан,
Іркіліпті мықтылар,
Сайыста күш асырған.
Ойшыл жандар сабырлы,
Амал таппай аңырды.
Айта алмай байламын,
Дана қарттар дал ұрды.
─ Шын ерлікке саналар,
Дұрыс шешім таба алар,
Ұл тумап па едік?!─ деп
Қиналыпты аналар.
Жұрттың сағын сындырып,
Жігерді де құм қылып,
Тұрғанда топ ішінен
Үн қатыпты бір жігіт.
Ұқтырғандай зейінін,
Жанарында мейірім.
Деді:
─ Бір іс бастар ем,
Білдірсе көп пейілін.
Тұлғалы да пішінді,
Жан екен ер мүсінді.
Ықыласпен көпшілік
─ Көрсет,─ деді,─ күшіңді!─
Ел тағдыры мазалап,
Еңіреп туған азамат.
Қайратыңды танытсаң,
Болар еді ғажап-ақ.
Адал сертке сенеміз,
Ақ батаны береміз.
Сүсінерлік перзентке
Сүйінбейік неге біз?!
Айың тусын оңыңнан,
Күнің шықсын солыңнан.
Мақсатыңа талмай жет,
Жарылқасын жолыңнан!─
Деп оң сапар тілепті,
Түріп жігіт білекті,
Тасты қашап сілтепті
Қайла менен күректі
Ала құйын ышқынып,
Соқса дауыл ысқырып,
Қажымапты,
Денесін
Қарыса да үскірік.
Жүк көтерген салмақты,
Иығы да талмапты.
Қопарыпты тастарды
Аунатқандай қаңбақты.
Аштыққа да берілмей,
Қиындықтан жеңілмей,
Қимылдапты тынбастан,
Күндіз-түні ерінбей.
Ұйқыдан ол безіпті,
Аптапқа да төзіпті.
Азапты бұл еңбегі,
Ақталарын сезіпті.
Бар қайратын салып ол,
Жүргендігін таныды ел.
Ал кейбіреу болыпты,
Күдік айтып әбігер:
─ Қаталадық шын шөлдеп,
Мына оңбаған бүрсеңдеп,
Су шығарам тастан,─ деп
Бөскеніне кім сенбек?!
─ Рас, ол бізді алдапты,
Қара жерді қармапты.─
Деп шыдамсыз біреулер
Қолын жайып зарлапты.
Қадап көпке назарын,
Депті жігіт:
─ Қазамын.
Берген сертте тұрмасам,
Жетсін мейлі ажалым.
Тулатып ақ сазанын,
Ағызып су,
Ажарын
Келтірмесем даламның
Сал тезіне жазаның!
Бұл сөзге жұрт сеніпті,
Басып айғай, желікті,
Еш алаңсыз ұйқының
Құшағына еніпті.
Ертеңіне тұрса ел,
Пайда бопты айдын көл.
Жақпар-жартас тесіліп
Мөлдір суға берген жол.
Тұс-тұс жақтан ұмтылып,
Жүрек тулап бұлқынып,
Барлығы да тұныққа
Бас қойыпты ынтығып.
Жанарларға нұр тұнып,
Жайнапты жер сілкініп.
Гүл жауыпты қырларды,
Қызғалдақтар құлпырып.
Жарып жаңа бүр шыбық,
Нұрлы өмірге құлшынып,
Сұлулана қалыпты,
Сусындаған тіршілік.
Той басталды.
Ал жігіт,
Қуанышын ән қылып,
Дөңге шығып тұрыпты
Үміт отын жандырып.
Масайраған елінің
Майса жапқан жерінің,
Қарапты ол көркіне,
Шаттық кернеп көңілін.
Терлеп әбден шаршаған,
Шыққандай-ақ моншадан,
Тіл қатыпты жан-жақтан
Қалың адам қоршаған.
─ Көп қиналып жүдедің,
Ізгі екен жүрегің.
Айт, шырағым, бар болса,
Бізге қолқа, тілегің?
─ Жамылсын да жерің гүл,
Шашсын тыныш өмір нұр.
Өздеріңе айтатын
Өтінішім менің бұл
Достарым, ─ деп,─ сүйікті,─
Жігіт басын иіпті.
Қаламаймын мен өзге,
Мәртебені, биікті,
─ Алаң болма, жігітім,
Ақталады үмітің.
Жерді гүлге бөлейміз
Еңбек етіп күні-түн.
Жұпты жазбай бірлесіп,
Мерекелі күн кешіп,
Өтеміз,─ деп көпшілік
Дауыстапты үн қосып.
Тағзым етіп жас жанға,
Көтеріпті аспанға.
Мадақтапты ерлігін,
Айналдырып дастанға.
Ел іргесі бекіпті,
Мұратына жетіпті.
Жігітті жұрт Таутескен
Батыр атап кетіпті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу