Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  114


Автор: Ақылбек Манабаев

ЖАЗ КЕЛБЕТІ

Мейірлене кірпігінен нұр төгіп,
Күн аспаннан кең алқапқа тұр төніп.
Кеуде керіп көсіледі гүлді өңір,
Жаздың жарқын шұғыласын бүркеніп.
Жанға жайлы майда қоңыр жел тұрып,
Бал бұлақтар домалайды ентігіп.
Толықсиды дарқан дала-айнала,
Ормандарды орамал ғып желпініп.
Шыңдар бұлтты иығымен көтеріп,
Тау өзені күркілдейді жөтеліп.
Жер төсіне маржан сеуіп ақ жаңбыр,
Нажағайлар жарқылдайды от өріп.
Жапырақтар пәк самалмен дірілдеп,
Күн көзіне шық қарайды күлімдеп.
Маужыраған табиғатты тербейді,
Егістікте мотор үні гүрілдеп.
Мөлдір әлем сырын жайса сан қилы,
Бар тіршілік тыныш қана балқиды.
Осынау бір көз тоймайтын көркемдік,
Көкіректе күй боп тасып, шалқиды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу