Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  87


Автор: Ақылбек Манабаев

ӘКЕ СЫРЫ

О, менің қос қанатым, құлындарым,
Балдырған, балдай тәтті шырын жаным.
Күнімен ойынға бір тоймайсыңдар,
Желпілдеп кекілің мен тұлымдарың.
Біреуің шығарсаң сәл ыңылдап үн,
Мен байғұс бозторғайдай шырылдадым
Ағынан ақтарылды алдарыңда,
Әкенің ұғыныңдар сырын, жанын.
Өмірдің шексем-дағы мұңын-зарын,
Көз сатып, көрінгенге сұғынбадым.
Астамдық көрсеткем жоқ әлжуазға,
Әлдінің қолтығына тығылмадым.
Ту сырттан шалғандарға жығылмады
Ар үшін еш нәрседен бұғынбадым.
О, менің қос қанатым, құлындарым,
Сендер үшін жасадым мұның бәрін.
Өсіңдер, еншілерің білім-дарын,
Бірің ақын, боларсың бірің ғалым.
Кім болсаң да тілегім кісі болып,
Адалдық тұғырында тұр ұлдарым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу