Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  394


Автор: Есенқұл ЖАҚЫПБЕК

ТҮНГІ ЕРТЕГІ

Түнгі аспан ұзақ ертегі,
Хикая бітпес не түрлі.
Көңілім қайда елітеді?
Қиялшыл бала секілді.
Түнгі аспан шексіз көлемі,
Кім көрген сенің шетіңді.
Қоңыр жел келіп өбеді,
Аңсаған сүйіс бетімді.
Бір жұлдыз туса әдемі,
Аспанның терең-тереңі
Кететін тартып секілді.
Жатырмын жазғы бау іші,
Жатып ем, жалғыз кешкілік.
Иттердің үрген дауысы,
Алыстан талып естіліп.
Ғұмырын үнсіз тауысып,
Жұлдыздар ағар төс тіліп.
Көрместің бәрін көз көрді,
Бәрі де бәрі өзгерді.
Көрген жоқ аспан ескіріп,
Өмірде мынау алысып,
Не керек еді жарысып?
Не керек еді қарысып?
Жатырмын соны кеш біліп,
Таппадым ешбір шараны.
Жаңадан туар жыр үшін,
Жұлдыздар ағып барады,
Жап-жарық қылып түн ішін.
Қап-қара түнге салады,
Суырып алтын қылышын.
Түнгі аспан, хисса, дастан кең,
Тауысып болмас бір ұшын.
Жастықта жұрттан асқанмен,
Жас келсе көптің бірісің.
Тірісің құр тек тірісің.
Ары да бері шапқанмен,
Өнбейді құрғыр бір ісің.
Ал, күндіз тойға барармын,
Дырду да дырду өтер күн.
Алпысқа толған ағамның,
Тойына ертең жетермін,
Тосырқап тұрып солардың
Тобына кіріп кетермін.
Болармын шал да бір ауық,
Киюге шапан тартынбай.
Барады көктен түн ауып,
Ертегі қызық таусылмай,
Боп кеткем неге жылауық?
Жасыдым неге апырмай?
Тірідей өлдім осы елде.
Айтқышпын қанша десем де,
Ақиқат кетті айтылмай,
Көретін көздер қызығып
Әлі де тұр ғой тізіліп.
Ағатын жұлдыз сарқылмай
Жүргенім жақсы мен де өзі,
Осынау қара жердегі,
Тартылыстарға тартылмай.
Түн ғажап сырлар шертеді,
Ал, күндіз мынау тар жалған,
Түн деген шексіз ертегі,
Ересектерге арналған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу