17.09.2022
  278


Автор: Есенқұл ЖАҚЫПБЕК

ҚАРАУЫЛ ҚАЙҒЫСЫ

ҚАРА ЛАШЫҚ, ҚАПАС КӨҢІЛ.
ҚАЗАҚ ЖІГІТ
Жігіт ашынады:
Әйелім де емессің, жесірім де,
Бөтен тартып барасың осы күнде.
Кешке саған болады кешігуге,
Маған сені болады кешіруге.
Кешік , кешік... қорлық-ай, кешік енді,
Біреу құшып жүр білем несібемді.
Үнсіз ғана кіресің үйге кешке,
Осы күні оған да етім өлді.
Жерге қарай бересің сен өкініп,
Аңғармаған боламын мен өтірік.
Көлгірсимін, танытып көңіл тоқтық,
Көзіңдегі күнәні көре тұрып.
Жасыра алмай жұмбақ мұң, ерке сырды,
Жаншыттың ба, мәрмәрдай өр төсіңді?
Жалынына тозақтың жанған кезде,
Бәлкім, біреу бықсытып өрт өшірді.
Жас шалғынға жайылып бұрымдарың,
Өртендің бе, шырылдап шыбын жаның?
Қымтай берген қылығың көйлегіңді,
Етегіңнің айтып тұр сырылғанын.
Бір өзгеріс бойыңнан байқалады,
Болды, бәлкім, төсегің сай табаны?
Тәнің әлі балқып тұр балауыздай,
Көздерімнен көздерің тайсалады.
Жарың өлік. Жас жесір құр сүлдесі,
Табалауың сен мені мүмкін бе осы?
Омырауың от шашып ар азаптан,
Күңіреніп, күйзеліп, күрсінбеші.
Құшағынан әйелдің от тілеген,
Адам Ата белгісі өшті менен.
Таң атқанша салады мені азапқа,
Шоқ қызғаныш кеудемді кескілеген.
Осы кесел бойыма жабысқалы,
Жардың тәні жанымнан алыстады.
Қыл тамақтан талаған қыз – аққуды,
Ер жігіттің мен едім арыстаны.
Өлік шыққан адамдай үйімізден,
Саяқсимыз самарқау күйімізбен.
Жарастықты келеміз жалғап әрең,
Жалтақ әрі жасанды сыйымызбен.
Қаным марғау зым-зия сезім жойыт,
Тамыр-тандыр. Қараймын өзім мойып.
Талақ болған жарымды байқамаймын,
Тастағандай біреулер көзімді ойып.
Сайтан ойнап жатса да іште мейлі,
Жарым сүйген жабырқау күштемейді.
Жан сарайын улайтын күдік құрты,
Түніменен кеудемді тістелейді.
Арамызда жатқандай мұз аралы,
Таң атады, күн шығып, ұзарады.
Қолаңшаштым тұрғанда төсегінен,
Ши бөрідей көздерім қызарады.
Күлдей жанып түнде сен күттің мені,
Төңкеріліп толқындай түстің бері.
Атып тұрдың амалсыз кеткендей бір,
Көрпең кенет өртеніп үстіңдегі.
Екі бетің дауылдап нұр жалындай,
Қолаң шашың бұрқырап тұр дауылдай.
Қара түндей қабарып қайта жаттың,
Қайырылып мойының ішке қырғауылдай.
Жесірімсің бұл күнде, некелі жар,
Ар мен аңсар кеудеңді етеді дал.
Сен әйелсің ойы адал, ойыны бұзық,
Сен әйелсің екі емшек, етегі бар.
Қашатұғын кезің ғой мойның үзіп,
Сен – әйелсің жататын қойны қызып.
Он екі айда болса да бір таң ату,
Таусылмайтын шағың ғой, ойны қызық.
Әйел-еркек, мәңгі арман, мәңгі жалын,
Астын-үстін шегі ол домбыраның.
Қаны тамған жүзінен хас сұлуды,
Қалшылдатып қашанғы тоңдырамын?!
Қалтыратқан төсегім қара суық,
Бас жара алмай бармақтай бала шыбық.
Қу жанымды тарыдай қуырады,
Бір құшақ от қасымда аласұрып.
Ақ түндердің таусылып іңкәр әні,
Бір құшақ от бір суып, бір тоңады.
Жарқыраған жас тәнін Ай аймалап,
Қалшылдаған жан жарым қымтанады.
Басқа үйлерде басталып төсек әні,
Бір құшақтан бір құшақ от алады.
Күлге айналып сүйегі үгітіліп,
Бірін-бірі жұмаққа апарады.
Басқа үйлерде тізеге ел шоқ төседі,
Қайшыласқан білектер от көседі.
Табиғаттың тартылыс күшіменен,
Диірменнің тасындай беттеседі.
Жарым менің аңсаумен ділгір үнді,
Түнегіндей түрменің түн жырылды.
Көрмей қойды көрсоқыр көзім сені,
Сезбей қойды кіндігім кіндігіңді.
Құндыз кірпік, құмыра мүсінменен,
Сен кетерсің алданып ісіңменен.
Ажыратып алуға мен кетермін,
Күнделікті асымды ішіп-жеген.
Таң нұрымен үлпілдеген үкі денең,
Сен кетерсің, сыртың нұр, ішің өлең.
Таңсық көрген қарасың таныстарға,
Табиғаттың тартылыс күшіменен.
ЖАР. ЖАС ӘЙЕЛ.
ЖАЗЫҚСЫЗ КҮНӘ
Әйел ішінен айтады:
Ай!
Ағыт, ағыт, кеудемді ағыт тағы,
Көз алдымда жарқ етті, шабыт шамы.
Жазғыр мейлі, жазғырма, жарым қазір,
Жатқан адам секілді табыттағы.
Адал жардың таусылды ақырғы әлі,
Күткен шағың тағатсыз жақындады.
Дүлей күшпен дүние шыр айналып,
Аш белімнің сүйегі шатырлады.
Саңырауқұлақ Семейде атылғалы,
Сансыратқан сағыныш басылмады.
Көшедегі менменсіп, мекерсіген,
Болсын жұрттың мендей-ақ, қатындары.
Сарғаюмен солды ғой сарғалдағым,
О, қу дүние, осынша неңді алғанмын?!
Көзім алды бұлдырап бара жатыр,
Көкірегімде өртеніп орман қалың.
Жылжып артқа жылдарым, құт арманым,
Жауынгердің жырындай күте алмадым.
Кеме жүзген айдындай бір-ақ сәтте,
Жарылып-ақ, кетті ғой бітеу жаным.
Жылжып ақты жылдарым, күң – өмірім,
Тірі жесір тозағын біледі кім?
Ең болмаса жүрмедің елден жырақ,
Екі көзі жайнаған тірі өлігім.
Айналдырып азапты түн ұршығын,
Ынтық оймен ысынып, ыңырсыдым,
Жәмилә нұр жалынды жатқа құйдым,
Жайылмап ед, өзгеге бұрын сырым.
Сарқытпын ғой, қайтейін, жардан қалған,
Құнықтым-ау, құмарпаз қардан да әрман.
Жат еркекті емес-ау, жаны сасық,
Қиялымды құштым мен арман болған.
Аһ, айналып дүние барасың ба,
Өлі-тірі жатырмын арасында.
Ұжмақ түнім ұзаққа созылсашы,
Ләззаттың қалықтап қанатында.
Дәл осылай көрмеп ем кеудемді ашып,
Аңсарым-ай, жібердің арнамды ашып.
Күнәм үшін осындай қымсынбай-ақ,
Дар алдына барар ем шолжаң басып.
Етектінің есі бар тілін алмай,
Жүрдім неге бұйығып бұрын, аллай-ай?!
Құрсағымды жібітті-ау, құрысып қалған,
Кіндігіңнің тамшылап түбі балдай.
Тегім-әйел, бұл менің текті азабым,
Көтеремін ел-жұрттың көп мазағын.
Саңырауқұлақ Семейде атылғалы,
Ардың жібін алты жыл аттамадым.
Аттамадым алты жыл. Азап қанша,
Көрпем күйіп шығатын таң атқанша.
Оймен бірақ өзімді саттым талай,
Қаны бойда қағынған жәләптарша.
Оймен саттым, тәнім тек сатылмады,
Жатсам болды жанартау лапылдады.
Саттым сені сан рет сары түнде,
Саңырауқұлақ Семейде атылғалы.
Арзан бақыт, қызықтан тартынғанмен,
Айналдырды басымды алқынған дем.
Сайтанның тозақ отын қойнымдағы,
Өшірдің жаншып, таптап нар тұлғаңмен.
Таң шығына бомбаның шығы қонып,
Дегелең тау жарылды шыны болып.
Жатырмын енді, міне, жат біреумен,
Жарылған сол бомбаның күлі болып.
Полигонның бықсыған күлін күреп,
Самал соқса, сасиды күлімсі леп.
Биік-биік төрлерде тұрады ылғи,
Курчатовтың бейнесі күлімсіреп.
Бәлкім, мұным азғындық, айып шығар,
Ем жоқ енді күнәмнан айықтырар.
Күлімдейді осыны көріп тұрып,
Азаматтың алдында айыптылар.
Ақ бастылар, әйтеуір күлкің бөлек,
Жанарларда жалғыз ой – «сілку керек».
Мен ойлаймын, шынымен бұл өмірде:
«Менің күлмей өтуім мүмкін бе»-деп.
Күлгім келді, бір ғажап күйге бекіп,
Күлгім келді, күлкімді күймелетіп.
Күлдім міне, азабы-ай адал жарды,
Көз алдына көк шыбын үймелетіп.
Күлгім келді, оңаша, бір аулақта,
Күлгім келді, гүл шырын мынау жаста.
Албырт шағым алданып өтті, қайтем,
Кебіні жоқ, көрі жоқ тірі аруаққа.
Күлгім келді, мауықты маусым барда,
Күлмек түгіл, жетерміз қарқылдауға.
Тірілердің қасында жүре тұрып,
Тірі жанның қызығы таусылған ба?!
Жандылардың қасында өлік, өлік...
Шыққыр көзім жүр ылғи нені көріп?!
Бүгін ақыр кебінсіз, жаназасыз,
Бір тасаға оралдым оны көміп.
ҮМІТСІЗДІК. ҮРЕЙЛІ ӨМІР.
БАҚҰЛДАСУ
Жігіт ішінен айтады:
Құшқан жарым, бұл күнде мыстан залым,
Жанарынан бір сайқал ұшқан жалын.
Ерсі күлкі көбейді ту сыртымнан,
Елдің бәрі секілді дұшпандарым.
Көркем жарға көп елдің көңілі ауды,
Қоржын артқан қодықпын қоңыраулы.
Үкі көздер аңдиды тереземді,
Үнсіз оқтар үңгілеп омырауды.
Маған бүгін сауық та, сайран да сын,
Масайрайды ел, төрт мүше сау болғасын.
Қатындарға жыр болдым, қайратымды,
Қара тасқа қайраған қайран басым.
Жар соңынан жансызбын тың тыңдаған,
Ана күлкі сонікі сыңқылдаған.
Ториды жұрт үйімді, көршілердің
Балалары емес ол құрт ұрлаған.
Соның бүгін жаныма азап бәрі,
Ториды жұрт жарыммен жарасқалы.
Демек, мені ерлердің қатарынан,
Қатал тағдыр мәңгіге аластады!
Қасиет-қадір жоғалды,
Өлгеннен басқа не қалды?!
Өтіп кеткен бақыттың бәрі бақыт,
Жалғыз жұмыс келеді жан уатып.
Барлық дерттің емшісі – мезгіл деуші ед,
Емдей алмай қойды ғой мені уақыт.
Өтсін уақыт, ол маған керегі не?
Уақыт, уақыт, ол маған береді не?
Өмірімді тым құрса ұзартатын,
Әке атанбай барамын бөбегіме.
Тіршілікпен титықтап күнде жауыр,
Басарымды білмеймін кімге бауыр?
Дәлдеп салған дұшпанның найзасынан,
Достарыңның мүсіркеп жүргені ауыр.
Мен мүскіннен қалатын бала қайда?
Бас жібі жоқ байтал жүр ана сайда.
Кебіні жоқ, көрі жоқ тірі өліктен,
Қатын ғана қалады талапайға.
Арманы не артында тұяқтының,
Қурай өскен қу мазар сияқтымын.
Абай менен Мұхтардай ер туғызған,
Ата-баба алдында ұяттымын.
Қасиет-қадір жоғалды,
Өлгеннен басқа не қалды?!
«Еріксіз түскен аңғардан,
Еркіңмен шығар өр артық.
Қорлықпен өткен жалғаннан,
Көсіліп жатқан көр артық!»-
АЗАМАТ солай деді де,
Асылды көзін алартып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу