Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  546


Автор: Есенқұл ЖАҚЫПБЕК

ӘКЕ

Осы ауылдан шалдар көрсем ақ таяқ,
– Марқұм, әкең ақын еді, – деп қояд.
Әңгіменің арғы жағын жеп қояд.
Осы ауылдан кемпір көрсем құр сүйек
– Әкең, шіркін, ақын ед, – деп күрсінед.
Айта алмаған бар секілді бір тілек,
Аталар мен апаларға жетпейді,
Атақ-даңқым шығып жатқан дүркіреп.
Жез құмандай жезделерім баяғы,
– Әкең шіркін, ақын ед, – деп қояды
Әңгімесі сол әкеме саяды.
Жатқа соққан өлген әкем өлеңін,
Жақпай қойдым жанына бір көненің.
Әр заманда бір сұрқылтай бар шығар,
Өткен іске өлсем қайтіп көнемін.
Әкем айтқан термені айтса Әміржан,
Әлденеге қайысады қабырғам.
Айтысуға даяр жатқан секілді,
Тентек әкем қарғып шығып қабырдан.
Ойран-топыр қылатұғын ортаны,
Тентек еді ол, азулы еді, арқалы.
Менімен айтысуға жеңгелер,
Марқұм әкем аруағынан қорқады.
Өлең, өлең, өлең, өлең, өлең деп,
Ауылымда талай жүрдім көлеңдеп.
«Серікбай әкең ақын еді» деді елім,
«Баласы да ақын бопты» деген жоқ.
Артта қалған ауылымды, көпті ойлап,
Қайтып барам боз даладан атты айдап.
Бозторғайлар қыр соңымнан қалмайды,
«Әкең, шіркін, ақын еді»деп сайрап.
Талай даңқты жүрсек-дағы өңгеріп,
Ел-жұрт мені тұратындай кем көріп.
Тым құрмаса бола алмайсың Серікбай,
Елмен бірге жүрмеген соң ел болып.
Ел қиналса жебемедім жыр айтып,
Біреу өлсе жұбатпадым тыңайтып.
Қыз-қырқынға әркім өлең айтады,
Қымыз ішіп, қыли көзін қылайтып.
Сонау жылдар бидай тасып арбамен,
Жесірлерге айтқаным жоқ зарлы өлең.
Бірге жылап, бірге күліп елменен,
Жүре алмасаң, жетпейді екен әлденең.
Әкеміздің айтқан сөзі рас-ау,
«Ақын болсаң ел сауабын ал!» – деген.
* * *
Қайран әке, ойға шомып жанарың,
– Қатарыңнан қалма деуші ең қарағым.
Басқаларға қайдам бірақ, өмірде,
Ақын үшін Ұлы жеңіс әр адым,
Рейхстагқа ту тігетін солдаттай
Жаңбыр оқты бір дарытпай барамын.
Ұлың сөйтіп шайыр болды тағдырлы,
Көзі түссе дір еткізер әркімді.
Тасқа қашап жазғандаймын әр жырды,
Аш мысықтай кес-кестеген алдымды.
Әлдекімдер көңілімді қалдырды,
Сонда өзімнің сағынамын ауылымды.
Қаудыр-қаудыр қара сулық киіп ап,
Қара күзде мал бағатын жаңбырлы.
Күнде-күнде тайталасам тағдырмен,
Серікбайдың ұлы ғой бұл деп жүрген.
Осы күнде көрем әке әркімді,
Соны естісем кәдімгідей мастанам
Іс тындырған екенмін деп мардымды.
Өз жанымды өзім күнде жеп біттім,
Арпалысып айтысқа да көп түстім
Жоқтатпайын деп елімде Жамбылды.
Уақыт айтар құнсыз бенен құндыны,
Тек әйтеуір естір сөзім бұл күні
Жаны құмар жақсы әйел мен шарапқа,
Серікбайдың түзеліпті жынды ұлы.
Соны қойшы дейтіндер де бар елде,
Мен олардың болмаған соң бұлбұлы.
Менсіз де осы толып жатыр бұл елдің,
Қысыр сөзден жүлде алатын дүлдүлі.
Анам да әлі қағып қойып қабағын,
– Қатарыңнан қалма дейді, қарағым.
Тесік етік киген бала секілді
Сазды кешіп, судан өтіп не түрлі
Қырдан-қырға асып кетіп барамын.
Қырдан-қырға кезіп кетіп барамын,
Біреулерден безіп кетіп барамын
Құрман сопы бейітінен әр таман,
Жол шетінде жантайған бір қарт адам
– Сапарыңнан қалма дейді қарағым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу