Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  228


Автор: Қатира Жәленова

ГҮЛ – ҚЫЗДАР

Жалындаған жас қыздар,
Жастығына мас қыздар.
Сендер жүрген жерлерден
Мұң ығысып, қашты ызғар.
Сұлусыңдар, дүрсіңдер,
Үлбіреген гүлсіңдер.
Жайлауында жастықтың
Сайран құрып жүрсіңдер.
Күнге жайып қанатын,
Өрт қызыл боп жанатын.
Қызғалдақтай қыз-ғұмыр
Аз күн сайран салатын.
Жүректерің жалын ғой,
Өртенетін шағың ғой.
Өмір жайлы жиірек
Мазаласын жаныңды ой.
Аспан әсем – Күнімен,
Құс – әуезді үнімен...
Көктем ашар ажарын.
Алуан түрлі гүлімен.
Дүние сұлу – таңымен,
Қыс әдемі – қарымен.
Өмір қызық адамға
Перзентімен, жарымен.
Жалқы жүріп өтпеңдер!
Көбейіңдер, көктеңдер!
Жастық шақтан кеткенмен,
Гүл – көктемнен кетпеңдер!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу