Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  143


Автор: Қатира Жәленова

ЖАСТЫҚПЕН СЫРЛАСУ

І
Ажарланып
Алатаудай алып тау,
Көзді арбайды
Көк бояуы қанық бау.
Келді көктем,
Оралған жоқ жастығым,
Балғын бейнем
Тек суретте қалыпты-ау...
Белгісіндей
Өткен әр күн,
Әр айдың,
Бұл суретке
Сағынышпен қараймын.
Алау жастық
Ақ орамал бұлғайды
Арасынан
Көктемгі аппақ арайдың.
Жадымдасың
Шырын шағым шырайлым!
Шырын сәтке
Куә болған мына ай, күн!
Маған қайтып
Соқпасыңды білсем де,
Тілектес боп,
Саған оң жол сұраймын!
Апта айларға,
Айлар жылға жалғасып,
Жаз жылысты
Сары күзбен алмасып.
Бұрынғыдай
Баса алмаспын мен енді,
Сенің жарқын
Жолдарыңды жап-жасыл...
Басады оны
Менен өзге басқа қыз,
Қалдырады
Жаңа толқын жастар із.
Алуан түрлі
Болғанымен нақышы,
Мазмұны ұқсас
Басталады басқа аңыз...
Мейлі, солай,
Шыбық өссін тал болып,
Жапырақ – жаны
Кірлемесін шаң қонып...
Ақ арманын
Жауратпаса болғаны,
Көктемеде
Жаңбыр соңы қар болып...
Құлпырып гүл
Қауыздарын жарғанда,
Қыздар әсем
Көрік беріп бар маңға.
Жолықса екен
Сүйгеніне адаспай,
Махаббаттан
Жолы болып жалғанда!
Жастар барда
Еліміздің тың күші,
Тың күшімен
Басады алға күрт ісі.
Сондықтан да
Қайғысы аз боп олардың,
Менікінен
Молдау болсын күлкісі!
Жолдарына
Шашып жырдан шашуды,
Жастар үшін
Сыр-сандығым ашулы.
Арманымен
Амандасып алдағы,
Солар алсын
Мен алмаған асуды.
Ойлайтұғын
Осы бастан ел қамын,
Ортасынан
Шығады әлі мол дарын.
Мен қалаймын
Жас қауымның қазіргі
Бізден де асқан
Бақытты ұрпақ болғанын!
ІІ
Өрле, жастық!
Өрле сен самғау шыңға,
Саған күнә
От болып жанбау сында.
Уылжыған күн нұры
Келбетіңде,
Ғашықтардың тілегі
Бал дауысыңда.
Жайна, жастық!
Жайна сен шырайланып,
Бақыт құсы
Төбеңде шыр айналып,
Қанатымен жебесін!
Сен құлпырсаң
Құрып кеткір,
Қайғы-мұң былай қалып,
Шырын дүние
Шаттық ән құрайды анық.
Жаса, жастық!
Қарайын сүйіне мен...
Болашаққа жол тартсын
Жиі кемең!
Арман – желкен,
Сапарда жолсерігің
Шабыт буып,
Толғағы жиілеген,
Бұрқасынды,
Дауылды, құйын - өлең.
Қыран құстай
Саңқылдап үнің сенің,
Сөйле, жастық,
Сөйлейтін күнің сенің!
Сен бар ғой деп
Жасытпай күш-жігерін,
Қайрат жиған бойына
Бүгілсе елің...
Жаның алау,
Алдыңда жауапты сын,
Жанартаудай
Сілкінген ғажап күшің!
Самғау үшін заңғарға,
Күміс қанат
Қазақстан ұшырған азат құсы,
Сен болашақ алдында жауаптысың!
Ел намысын қорға сен,
Ер намысын,
Шартараптан естілсін өр дауысың!
Қайна, жастық,
Дүбірлет,
Күллі ғалам
Жасыра алмай қарасын таңданысын!
Сен –
Жерімнің
Жасарған орманысың,
Сен –
Елімнің
Қуатты қорғанысың.
Жаса мәңгі,
Жастық шақ,
Адамзаттың
Шұғыла шашқан
Болашақ таңдары үшін!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу