Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  668


Автор: Қатира Жәленова

ТАБИҒАТ ДАУЫСЫ

І
Мен – Табиғатпын!
Мен – Ақиқатпын!
Өлең болып өріліп күніге мен,
Сыр шертемін,
Табиғат тіліменен.
Жадыңда ма,
Адамзат,
Тұңғыш рет
Естілгені тарихтың үні менен?
Жаралғанда ең алғаш
Адам болып,
Менде тудың
Тұңғыш балам болып.
Тұңғыш рет
Сені орап жөргегіме
Әлдиледім
Қамқорың,
Анаң болып.
Көрдің әр кез
Ерекше күтім менен,
Керегіңнің бәрін де бүтіндегем.
Дәм татқызып мәуелі жемісімнен,
Сусын бердім
Балбұлақ сүтімнен мен.
Адамзат боп
Сен бекер жаралмадың,
Өз мақсатың
Мұратың,
Бар арманың.
Сондықтан да мен сені
Тіршіліктің
Тоқсан тарау жолына даярладым.
Бұл өмірдің тым ауыр сын-өткелі,
Сапарыңа ақ бата тілеп келдің...
Сонда саған
Жолыңа жолсерік қып
Суымайтын,
Қаны ыстық жүрек бердім.
Балқығанда дүние уылжып тым,
Менен өзің
Шапағат,
Жылу күттің.
Сонда саған
Көз бердім,
Көріп тұрып
Құдіретін ұқсын деп сұлулықтың.
Тіршілікті лебімен
Қыздырып күн,
Тұтандырды
Шырағын ізгі үміттің.
Сонда сенің
От бердім жанарыңа,
Нұрын құйып жүрсін деп ізгіліктің.
Сен әзірсің,
Мендегі ақталды үміт,
Қарсы алғанда
Алдыңнан ақ таң күліп,
Тұңғыш рет
Кестім де тұсауыңды,
Ұзақ жолға жібердім аттандырып.
“Не болар, – деп, – бірақ та күнкөрісің?”
Көңілімде бір түйткіл жүргені шын...
Жүзгеніңде
Тіршілік айдынында,
Берер ме екен
Сапарың бір жемісін?..
Күдігімді тарқата тауып шешім,
Қара жердің игеріп алып төсін,
Ризығыңды таптың сен,
Тұңғыш рет
Менен бастап
Еңбектің әліппесін.
Игілікке жаратып байлығымды,
Ұлы ісіңмен
Асырдың айбынымды.
Тазалықтың,
Пәктіктің,
Үлгісі еттің
Лайламай тұп-тұнық айдынымды.
Мен арқылы
Достасып ер еңбекпен,
Өр еңсеңді
Кезің жоқ төмендеткен.
Үміт артам,
Қашан да сенем саған,
Биік, асқақ қалпыңда көрем деп мен!
ІІ
Мен – Табиғатпын!
Мен – Ақиқатпын!
Өлең болып өріліп күніге мен,
Сыр шертемін табиғат тіліменен.
Жадыңда ма,
Адамзат,
Тұңғыш рет
Естілгені тарихтың үні менен?
Бөлінбейтін
Мен сенің бөлшегіңмін,
Ақиқаттың,
Шындықтың өлшемімін.
Бірге шектім
Зардабын сұм соғыстың
Жау бұзғанда іргесін ел шебінің.
Жан шошырлық
Өзгертіп сұрқын ғалам,
Күрсініп жер,
Азалы үн тынбаған...
Бәрі есімде,
Бәрі де көз алдымда,
Ұмытуың сенің де
Мүмкін бе, Адам?
Қан майданнан алапат
Түршігіп жан,
Үн шығармай өксіген
Тұншығып ән...
Оққа төсеп кеудесін
Отаны үшін
Қанша боздақ қиылды қыршынынан?!
Ормандарым ажырап ажарынан,
Қызғалдақтар жұлынды сағағынан.
Қоштасқандай
Соңғы рет меніменен,
Жатты жерде
Ыңырсып жаралы жан...
Көктем еді-ау,
Ол әлі көктем еді...
Қасық қанын елі үшін төккен еді.
Тіршілігін тоқтатты,
Әттеген-ай!
Жапырақ жайып қайтадан көктемеді...
Тәңірісі едім
Мен-дағы сұлулықтың,
Болдым талай
Құрбаны зұлымдықтың.
Орман,
Бағым қақалып көк түтінге,
Мен де осылай
Қасірет уын жұттым!
Ей, Адамзат,
Менімен тел өстің сен,
Сенің орының
Мен үшін ерек білсең.
Мен өзіңе қаншалық керек болсам,
Маған-дағы соншалық керексің сен!
Ей, Адамзат,
Өзіңсің айтар жырым,
Мына сенің қолыңда
Бар тағдырым.
Сенің тіршілігіңе байланысты
Мендік жүрек дүрсілі,
Қантамырым.
Толса-дағы қойнымның бәрі гүлге,
Келе алмай жүр
Көркімнің сәні мүлде.
Оралмаған көктемдер
Көктей солып,
Сыздатады
Жанымды әлі күнге...
Бұдан былай
Жат ойды жолатпаңдар!
Тұнық таңды тілгілеп
Оқ атпаңдар!
Аялаңдар,
Сақтаңдар,
О, адамдар,
Сұлулықты мендегі жоғалтпаңдар!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу