Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  86


Автор: Қатира Жәленова

СЫРДЫҢ ӘНІ

Түбі қызған
Күн – қазан суынғанда,
Жер – тегешке
Сүт – сәуле құйылғанда,
Ай нұрына шомылып
Жөнелейік,
Кең жайлауға
Көрінген жуыр маңда.
Өзің барда
Мен қалай жасқанамын,
Құла түзге
Ал, кәне, баста, жаным!
Күй тыңдалық
Сағыныш шөлін басып,
Домбыраңды ала жүр, тастамағын.
Сар далада
Тартшы күй төгілдіріп,
Төгілдіріп,
Жанымды егілдіріп.
Кірбің бұлты арылып,
Көңілімнің
Аспанынан қарасын өмір күліп.
Көмейімнен ағытып
Жыр бұлағын,
Көкірегіме
Сазды әуен тұндырамын.
Сағыныштың
Жаңбырын сіркіретіп,
Сырдың әнін сызылтшы!
Сырдың әнін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу