Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  102


Автор: Қатира Жәленова

БЕСІК САТУ

Немереге аталып кәдесімен
Бесік келді нағашы әжесінен.
Шілдехана тойын бір
Тойлайықшы,
Жүретіндей
Шығармай ел есінен...
Үйдің жақсы болуы – ағашынан.
Бесік жақсы болуы – нағашыдан.
Бұл бесікті көрейік
Саудаға сап,
Бағамдай бер сапасын
Бағасынан.
Бөпешімнің бесігі – теңге болар,
Бесік сату құқығы – менде болар.
Өткізейін,
Мақтауын келістіре,
Несібемді көбейтіп елден алар...
Бөпешімнің бесігі – күміс деймін,
Пұл шығарып.
Алғаның дұрыс деймін.
Періштелер «әумин!» деп
Қолдап тұрса,
Үйіңізге кірер құт, ырыс деймін.
Бөпешімнің бесігі – алтын деймін,
Бұны алғанның
Жүзі де жарқын деймін,
Ежелден-ақ,
Ел-жұртым құрмет тұтқан,
Ұлтымыздың
Бұл дәстүр-салтын деймін.
Бөпешімнің бесігі – жақұт деймін,
Бағы жанар
Алғанның сатып деймін.
Кеудесіне құйылып шұғыла-нұр,
Таңы күлер алдынан атып деймін.
Бөпешімнің бесігі – лағыл деймін,
Алған жанның
Тілегі қабыл деймін.
Сәби деген – періште,
Періште оймен
Тазарып бір
Күнәдан арыл деймін.
Бөпешімнің бесігі – маржан деймін,
Маржан әсте болмайды арзан деймін.
Ұлтымыздың ғұрпына үлес қосар,
Бұл саудаға қатысқан әр жан деймін.
БЕСІК АЛЫҢДАР!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу