Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  86


Автор: Қатира Жәленова

ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ

Қарлы боран
Ығысып жер бетінен,
Наурыз келді
Керемет келбетімен.
Шүкіршілік!
Жерім кең,
Елім бүтін,
Тыныштық бесігінде тербетілем.
Басталғанда
Жыл басы барыс болып,
Барыстайын
Кеудеге намыс толып,
Ауызбірлігімізді сақтайықшы,
Алауыздық ауылынан алыс қонып.
Бірлік барда
Іргелі ел болармыз,
Иықтасып өзге елмен
Тең болармыз.
Бірлік кетсе
Бүлініп тірлігіміз,
Бөле жарып
Бөріге жем болармыз...
Есті азамат
Ел қамын ерте ойласын!
Қазағымның қазаны ортаймасын!
Екі мың елуінші жылға апарар
Жолға түсіп,
Бауырым,
Көр, пайдасын!
Толастамай
Той-думан дүрмектері,
Талмай ұшсын
Ақынның жыр-кептері!
Құтты болсын,
Наурызың,
Мұсылманым,
Мұхаммед пайғамбарымның үмбеттері!
Жамыратып
Жанымның жапырағын,
Шабытымды
Тағы бір сапырамын.
Ей, жамағат,
Ұлыстың ұлы күні
Наурызкөже ішуге шақырамын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу