Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  66


Автор: Қатира Жәленова

Туған тілім

Өткен ғасыр,
Өткен өмір
Боп сұрақ,
Өзмізше сыр шертеміз
Топшылап...
Отаршылдық шырмауынан
Шыға алмай,
Тәуелсіздік,
Сені күттік көп шыдап.
Ұлтымыздың үлесінен
Құр қалып,
Шұбарландық.
Үстем болып бір халык.
Өз тіліміз
Өзге тілге жұтылып,
Сорладық та,
Болдық солай шын ғаріп.
Мәңгүрттіктің
Ұйығына батқалы
Бара жатып...
Құдай өзі сақтады!
Дербес ел болып
Еісемізді көтердік.
Шуақ құйып
Азаттықтың ақ таңы.
Күллі әлемге
Естіртіп өз үнімді,
Шүкір!
Шүкір!
Тілім қайта тірілді.
Айта аламын
"Қазақпың" деп айқайлап,
Ақ ордада
Көк байрағым тігілді.
Ел-жұртымның
Ұға алатын мұң-зарын,
Келеді өсіп
Өндірдей ұл-қыздарым.
Өз тілінің
Кеңейтер деп өрісін,
Қуанамын,
Жарып шықса бір дарын.
Ғұрпым барда,
Ұлтым барда,
Тілім бар!
Рухым содан
Күш аларын ұғыңдар!
Өрелі ұрпақ,
Өздеріңе аманат,
Туған тілдің
Туын жықпай тұрыңдар!
Туған тілім,
Өшпе!
Мәңгі тірі бол!
Туған жұртым,
Тұлғалы да ірі бол!
Ұлтты түгел
Құшағына сыйғызып,
Дүрілдеген
Іргелі елдің бірі бол!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу