Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  89


Автор: Қатира Жәленова

АҚЫН

Томағасын сыпырған,
Қиял құсын ұшырған.
Тас емшегін идіріп,
Сүт шығарған қысырдан.
Ащы терін алғызған,
Арғымақтай қан қызған,
Көңіл атты көк дөнен,
Жер түбіне барғызған.
Артық санап ақшадан,
Ар-ұжданын сатпаған.
Ақсүйектік қанында,
Тектілігін сақтаған.
Уәлі сөзге тоқтаған,
Қорықпаған ноқтадан.
Кем-кетігін түгендеп,
Жұрттың жоғын жоқтаған.
Қайнап шығып қайнардан,
Шарболаттай қайралған.
Шындық үшін от кешіп,
Оққа басы байланған.
Толағайдай алыппыз,
Түнек түрер жарықпыз.
Сүйген құлы Алланың
"Ақын" деген халықпыз.
Руханияттың айнасы,
Қоғамға зор пайдасы.
Зиялыларын іздейтін,
Беу, қазағым, қайдасың?
Қайдасың?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу