Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  118


Автор: Танакөз Толқынқызы

Менің сенде жұмысым жоқ, жұмысым...

Менің сенде жұмысым жоқ, жұмысым,
Сенің менде жұмысың жоқ, жұмысың.
Бір-бірінің алаңдатпас мұңы шын
Бұйықтырған бүйткен өмір құрысын.
Селт еткізбес сені менің шаттығым,
Елеңдетпес мені сенің аптығың.
Қатты болып барамын ба мен де шын
Жолыққан соң жүрегіне қаттының.
Жылап жатсам қайырылып қарамас,
Тағдырым-ау,
жан мұңыма аралас.
Адамдардың жанарынан қорқатын
Қалтырауық
сезімім бар жалаңаш.
Басталмайды өмір қайта құрылып
Біз жүреміз ызғарыңа ұрынып.
Қайда асығып барасың сен,
ғасырым,
Біздің жаққа бір қарашы бұрылып.
Адамдарды жатырқаймын бір түрлі
Бауырына басады екен кім-кімді?
Сағынған соң іздеп жүрмін беймезгіл
Көктем исі бұрқыраған күлкімді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу