Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  80


Автор: Танакөз Толқынқызы

Ей, жырдағы жартыкеш жасандылық...

Ей, жырдағы жартыкеш жасандылық,
Өмір сүре бермексің қашанғылық?
Леп белгіні сындырып шығып кетпек
Сау өлеңім қөрсетіп масаң қылық.
Буыныңмен келмейді
будандасқым
Шумағыңда шұбырған
шудан қаштым.
Ұйқасуға тым шебер ұран сөздер
Өлтіруге айналған удан қаштым.
Кіргізбеші есіктен
келсем налып?
Жасандылық өле ме
өлсем барып?
Жыласа да көзінен жас шықпайтын
Өтірікші өксіктер кемсең қағып.
Мұңайған боп мүлгиді мұңсыз өлең,
Қайғырған боп қаңғиды құнсыз өлең.
Үнсіз өлең оқыған өзегімде
Қайда қашып барасың, мінсіз өлең?
Ойлап тапқан өздері нүктеменен,
Ойлап тұрсам бұл күні біткен өлең.
Балауыздай жылайтын жанған кезде
Мұз боп жатыр бір сәуле күткен өлең.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу