Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  76


Автор: Танакөз Толқынқызы

АЙТҚЫМ КЕЛЕДІ

Айтқым келеді:
Аспанды асыра мақтасаң да,
Таулардың күндемейтінін.
Сан ғасыр күнменен қақтасаң да,
Жартастың үндемейтінін.
Айтқым келеді:
Жерсің деп қанша жерлесең де,
Қара жер қайыспайтынын.
Қисайтамын деп терлесең де,
Болаттың майыспайтынын.
Айтқым келеді:
Қанатын тіпті қырқып алсаң да,
Қыранның кешірім сұрамайтынын.
Айыр тілдерін жұлқып алсаң да,
Жыланның жыламайтынын.
Айтқым келеді:
Жылауық деп оны даттасаң да,
Бұлттардың миықтан күлетінін.
Көзге ілмей төбеден аттасаң да,
Ақынның өз құнын білетінін.
Айтқым келеді:
Аузыңды толтырып жұтқаныңменен
Ауаның сезілмейтінін.
Жеті қат жер астына тыққаныңменен
Шын өлең көз ілмейтінін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу