Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  98


Автор: Танакөз Толқынқызы

МЕН СЕН АЙТҚАННАН ДА ЖАМАНМЫН

Сен айтқаннан да жаманмын,
Айтылмас құпия бар бірақ.
От болып күйіп, қадалдың,
Көргенде мені абдырап.
Ғашықта ғана болатын
Лауладың жалын ұшқынмен.
Жаман сөз айттың тоңатын
Күңкілдеп ащы мысқылмен.
Мен сені сүймей кеткенде
Сенде бір жарық қалсын деп,
Мен емес пе едім сол отты
Сыйлаған саған жансын деп.
Көзіңде жүрген көк ұшқын
Сөнбеуі – бізге керегі.
Батыр-ау, отпен өбістім
Өртеудің мен ғой шебері.
Қуаншы мені көргенде,
Тұншықсаң, тұншық жасыңа.
Жымисын жаның шерменде
Келгенде сенің қасыңа.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу