Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  165


Автор: Танакөз Толқынқызы

ДҰҒА

Ең сенімді адам сатып кеткенде,
Төзімді болуды үйретші.
Ақылым үстемдік құрғанда,
Сезімді көруді үйретші.
Ақ көйлегімді малмандай етіп
Көшеде көлік батпағын
шашып кеткенде,
Қарғамауды үйретші.
Алдасам да өзімді
Сәбиімді алдамауды үйретші.
Менің аппақ ниетімді жамандыққа
жорығанда,
Сабырлы болуды үйретші.
Құдайы жоқ адамның да бойынан
Тәңірді көруді үйретші.
Ең қаралы күндерде де
Сәбидің ұйқысымен қалғуды үйретші.
Ең жаралы түндерде де,
Айға қарап қарғуды үйретші.
Ессіз ғашық кезеңдерде
Үнсіз қалуды үйретші.
Күнбағыстай болмысыммен
Күнсіз қалуды үйретші.
Бүкіл әлем тарылғанда
Кең болуды үйретші,
Жараланып жатып өзім,
Жаралыға ем болуды үйретші.
Ең болмаса бір адамға әлемде
Шүбәсіз сенуді үйретші.
Өзімді жеңуді үйретші
Күнаһар мына әлемді
Күнәсіз көруді үйретші.
Ең жеңіл сөз ең ауыр болып естілгенде,
Құламай қалуды үйретші
Көңіл кірлегенде, сезім ескіргенде
Жыламай қалуды үйретші.
Нәзік жүрегімді нәзіктер жаралағанда,
Кешіруді үйретші.
Аппақ әлемді аппақтар қаралағанда,
Өзіме ғана өшігуді үйретші
Ең жақын адамым жан дауысымды
естімегенде,
Оны жай ғана сүюді үйретші
...Жеңілуді үйретші
...Шегінуді үйретші
Өзгерсін десең тағдырым
Қаймана басымды июді үйретші...
Өтінем...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу