Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  104


Автор: Танакөз Толқынқызы

Көп нәрседен қалды мынау көңіл де

Көп нәрседен қалды мынау көңіл де
Сондықтан да атым – мұң.
Көп нәрсені жоғалттым мен өмірде
Сондықтан да ақынмын.
Көп нәрсеге жаным менің ауырды,
Керек пе еді жылу көп?
Жүрек дертті болғаннан соң жауынды
Көрінемін сұлу боп.
Өтті бастан мазасыз түн не түрлі,
Жанын ұқтым паң күздің.
Адастым мен ағзам патша секілді
Сондықтан да жалғызбын.
Бұл өмірде жоқ екенін білместен
Адалдыққа сенгенмін.
Ар отына шыжғырылып күн кешкен,
Мен тірідей өлгенмін.
Сені біреу мен секілді сүйіп пе?
Неге сонша жыладың?
Қаншалықты көтерілсем биікке,
Соншалықты құладым.
Ешкім емес, көп пенденің бірімін.
Аласұрып неге сонша күйемін?
Қайран қалам, әлі күнге тірімін,
Себебі – әлі сүйемін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу