Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  141


Автор: Танакөз Толқынқызы

Әлемдегі ең сауатты ақымақ...

Әлемдегі ең сауатты ақымақ,
Әлемдегі ең тәкаппар бейшара
мен боп шықтым.
Сен отырсың бақылап,
Ғашықпын мен, оған енді не шара ?
Жанарым бар шайдай ашық.
Соқырмын.
Әлемдегі ең бір адал күнәһар...
Сен туралы өлең жазып
отырмын
Мақшар күні жардан мені құлатар.
Әлемдегі ең бақытты науқаспын,
Әлемдегі ең мейірбан дәрменсіз.
Жаңғырығы секілдісің тау тастың,
Бейхабарсыз біздің мүшкіл халден сіз.
Әлемдегі ең бір көзсіз сағыныш,
Мағынасыз, мәнсіз саған ұмтылу.
Жанұшырған ләззаты мол сабылыс,
Бір көруге өліп-өшіп ынтығу.
Әлемдегі ең жазықсыз дұшпаным,
Бірде өзімсің, бірде мүлде өгейсің.
Сен дегенде ұшып кетер құс жаным
Ғашықпын мен, оған енді не дейсің?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу